Биыл 3 мыңға жуық атыраулық мүгедек шипажайда тегін емделді

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Биыл үш мыңға жуық атыраулыққа курорттық шипажайға тегін жолдама берілді. Олар жолдаманы әлеуметтік қызметтер порталы арқылы алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов мәліметінше, әлеуметтік қызметтер порталында 60-тан астам шипажайдың тізімі бар.

«Биыл Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен І топтағы мүгедектер мен ерекше балаларға, олардың жеке көмекшілеріне 14 күнге шипажайға жолдама берілді. Тегін жолдаманың бағасы 55 айлық есептік көрсеткіш көлемін құрайды. Әлеуметтік қызметтер порталынан мүгедектігі бар барлық топтағы азаматтар өздерінің электронды цифрлық қолтаңбасы арқылы үйден шықпай-ақ жолдама алу мүмкіндігін пайдаланады. Оларға аудандық жұмыспен қамту бөлімдері мен округ әкімдіктеріндегі өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышының мамандары көмек береді», -дейді Азамат Мәмбетов.

Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы таңдаған шипажайына тегін жолдама алғанның бірі – Наурызбек Шәкиев.

«Бұрын шипажайға тегін жолдама тек өзіме ғана берілетін еді. Ал, күтушіге жолдаманы өз қаражатымызға алып келдік. Енді биыл жеке күтушіме де шипажайға жолдама бірге берілді. Бұрын қаражаттан қысылған кезде 14 күнге есептелген емнің жартысын ғана алуға мәжбүр болдық. Биыл облыстық әкімдіктің қолдауымен шипажайдағы емдік процедураларды толық алдым», -дейді І топ мүгедегі Наурызбек Шәкиев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда тізе жарақатынан жүре алмай қалған 9 жасар қыздың тұсауы кесілгенін жазған едік.


Соңғы жаңалықтар