Биыл 3 мыңға жуық адам қар құрсауынан құтқарылды – ТЖМ

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қыс мезгілі басталғалы елімізде 3 мыңнан астам адам қар құрсауынан құтқарылды. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қыс басталғалы ауа райы қолайсыздығынан 700-ге жуық автожол учаскесі жабылды. Оның ішінде 351 республикалық және 346 жергілікті жол бар. 663 рет дауыл туралы ескерту жарияланды. Яғни тұрғындарға 1 227 SMS және «Дармен» қосымшасы арқылы 1 290 хабарлама жіберілді. Қар құрсауынан 2 847 адам, оның ішінде 328 бала құтқарылып, эвакуацияланды. Бұл жұмысқа 300-ден астам техника жұмылдырылды», – деді Ибрагим Күлшімбаев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министрдің айтуынша, жол жабылған аумақтарда құтқарушылар мен полиция қызметкерлері күзетті. Сонымен қатар арнайы бекеттер қойылды.

«Төтенше жағдайлардың алдын алу және күресу мақсатында бірнеше құзырлы органдардың өкілдерінен құралған республикалық жедел штаб құрылды. Сәйкесінші аймақтық штабтар да іске қосылды. Республикалық штаб құрамында 37 мың адам және 13 мың бірлік техника топтастырылды», – дейді ол.

Министрлік берген мәліметке сәйкес орталық және жергілікті атқарушы органдардың қыс мезгіліне дайындығы былтыр қарашада пысықталды.


Соңғы жаңалықтар