Биыл 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту 99,3 пайызға жеткізіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жекеменшік балабақшалаларда орын алған келеңсіздіктерге жол бермеу үшін қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президенттің 2022 жылды Балалар жылы деп жариялауы туралы Жарлығының негізінде Үкімет қаулысымен іс-шаралар жоспары қабылданды. Жоспар 7 бағыт бойынша 66 іс-шараны қамтиды. Сондай-ақ, өңірлік, аудандық және қалалық жоспарлар қабылданды. Жұмысты ұйымдастыру үшін әкімдіктермен және басқа министрліктермен бірге жедел штабтар құрылды. Нұсқаулық-әдістеме әзірленіп, жеткізілді. Спикерлер пулы 5 айда бұқаралық ақпараттарда, әлеуметтік желілерде 18 мыңнан астам жарияланым орналастырды», - деді ол.

Вице-министрдің атап өтуінше, 17 300 өңірлік іс-шараларға 2,5 млн аса бала қатысты. Оның ішінде 700 мыңнан астам бала жекелеген санаттағылар. Жалпы, балалар жылын іске асыруға 12 орталық, 17 жергілікті орган, 130 үкіметтік емес, 20 мыңнан аса оқу ұйымдары қатысуда.

«Мектеп жасына дейінгі балалар үшін 34 мыңнан аса орынға 322 балабақша ашылады. 5 айда оның 9,4 мың орынға 130-ы ашылды. Жыл соңына дейін 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту 99,3 пайызға жеткізілетін болады. Жекеменшік балабақшалаларда орын алған келеңсіздіктерге жол бермеу үшін қауіпсіздік шараларын күшейтеміз. Біліктілігі сәйкес мамандармен қамтамасыз ету, сондай-ақ бейнебақылау, жиһазбен жабдықтау талаптарының орындалуын қадағалап, мемлекеттік тапсырыстың сапасын ваучерлік механизм арқылы жақсартамыз. 15 мыңнан аса тәрбиеші жаңа модель бойынша тиісті курстардан өтуде,олар тәрбиелеу сапасын жақсартады. Ашықтықты қамтамасыз ету үшін кезектіліктің бірыңғай базасын құру жұмысы жүргізіліп жатыр. Жаңа оқу жылына Үздік балабақшалар негізінде 34 құзыреттілік орталығы ашылады», - деді Шолпан Каринова.


Соңғы жаңалықтар