Биыл 23 млн гектарға егіс егу жоспарланған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығы министрлігі биыл көктемгі дала жұмыстарын жүргізу науқанын тұрақты бақылауына алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еліміздің барлық облыстарында жаппай көктемгі егін егу науқаны жүріп жатыр. Жалпы жаздық егіс 23 млн гектарға жоспарланған. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар – 15,8 млн гектар, майлы дақылдар – 2,9 млн гектар, көкөніс-бақша дақылдары мен картоп – 475,5 мың гектар, жем-шөп дақылдары 3,7 млн гектар аумақты қамтиды. Ал қант қызылшасы, мақта, темекі 141,8 мың гектар алқапқа егіледі», - деп атап өткен Ауыл шаруашылығы министрлігінен ҚазАқпаратқа берген мәліметінде.

Сонымен қатар ведомство мамандары биылғы астық өнімділігіне қатысты нақты деректерді келтіру әлі ерте екенін алға тартып отыр.

«Осы уақытта егін түсімінің болжамы туралы айтуға әлі ерте деп ойлаймыз. Қазіргі кезде барлық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің бірінші кезектегі міндеті барлық қажетті агротехникалық іс-шараларды сақтай отырып, оңтайлы мерзімде көктемгі дала жұмыстарын табысты жүргізу болып отыр. Сонымен қатар, жазғы уақытта егістіктерді химиялық өңдеу, дақылдарға күтім жасау жұмыстары бар. Бұл тұрғыда жауын-шашынның деңгейі де үлкен рөл атқарады. Көктем мен жазда өсімдіктердің өсуіне және вегетациясына әсер ететін көптеген басқа факторларды да ескерген жөн», - делінген ведомство ақпаратында.

Осы орайда АШМ баспасөз қызметі көктемгі дала жұмыстарын сәтті жүргізу мәселесі министрліктің тұрақты бақылауында екенін атап өтті. Ол үшін министрлікте көктемгі дала жұмыстарының барлық мәселелерін уақтылы шешуге арналған жедел штаб құрылды.


Соңғы жаңалықтар