Биыл 20 млрд теңгеге жем-шөп дайындау техникасы мен мобильді суару жүйелері сатып алынады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл 20 млрд теңгеге жем-шөп дайындау техникасы мен мобильді суару жүйелері сатып алынады. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы жылы «ҚазАгроҚаржы» АҚ желісі бойынша кейіннен лизингке беру үшін 20 млрд теңгеге жем-шөп дайындау техникасы мен мобильді суару жүйелері сатып алынатын болады», - деді Үкімет басшысы жауабында.

Премьер-Министрдің дерегінше, 2024 және 2025 жылдары жем-шөп дайындау техникасы мен мобильді суару жүйелері сатып алуға 29 млрд теңгеден бөлінбек.

«Үкімет қабылдап жатқан іс-шаралар фермерлердің ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту динамикасына оң әсер етуде. Мәселен, егер 2017 жылы жаңарту деңгейі 1,9 пайыз болса, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 4,4 пайызды құрады. Жаңартуды ең төменгі технологиялық деңгей 6-8 пайызға дейін жеткізу көзделген. Жалпы аталған іс-шараларды іске асыру ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдікті лизингі бағдарламаларын одан әрі дамытуға және агроөнеркәсіп кешенінің машина-трактор паркін жаңартудың нормативтік деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Әлихан Смайылов.


Соңғы жаңалықтар