Биыл 15 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2023 жылы елімізде 15,3 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың әлеуметтік және экономикалық маңызы зор. Республика бойынша 2029 жылға дейін 111 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру қажет. Өткен жылы 130 мыңнан астам отбасының тұрғын үй мәселесін шешілді. Осылайша тұрғын үйді пайдалануға беру былтырғы жоспары орындалды. Дегенмен 2021 жылмен салыстырғанда тұрғын үйлерді пайдалануға беру қарқыны біршама төмендеді. Биыл 15,3 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр», - деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, тұрғын үйлерге қатысты басты проблеманың бірі қажетті инфрақұрылымның болмауы.

«Мысалы, елордада инфрақұрылым мен энергоресурстардың жетіспеуінен алдағы жылдары тұрғын үй салу көлемі біршама азайып отыр. Мемлекет басшысы үй құрылысын жоспарлағанда инженерлік инфрақұрылымды кешенді түрде дамыту қажеттігін баса айтты», - дейді Үкімет басшысы.

Соңғы жаңалықтар