Биыл 145 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді - ҰҚК

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл ұлттық қауіпсіздік органдары 12 жасырын есірткі зертханасының әрекетін тоқтатты. Бұл туралы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінен мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әлемдегі есірткі бизнесі үшін есірткіні өндіру орнынан жан-жаққа тасымалдау маңызды болып отыр. Географиялық орналасуы, транзиттік мүмкіндіктер, сондай-ақ шекаралық шектесу жерінің ұзақтығы Қазақстан аумағын трансұлттық есірткі құрылымдары үшін тартымды етіп тұр. Осы орайда олар ауғандық есірткіні ел аумағы арқылы контрабандалық өткізу тұрғысында қарастырады.

Орталық Азия, оның ішінде Қазақстан арқылы ауған есірткі трафигінің «солтүстік бағдары» өтіп жатыр. 90-шы жылдардың басында құрылған бұл бағдар Ресейге өтіп, ары қарай Еуропоға қарай жалғасады. Сонымен қатар, Қазақстанда есірткі жағдайына әсер ететін тағы бір фактор еліміздің оңтүстігінде каннабис тобындағы есірткіні өндіруге де қатысты болып тұр.

Қазіргі уақытта қазақстандық жастар арасында синтетикалық есірткі түрлерінің таралуы қоғам үшін қауіп төндіріп, елеулі проблемаға айналуда. Ірі қалаларда синтетикалық есірткіні өткізу жағдайы артып келеді.

«Биыл ұлттық қауіпсіздік органдары Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, сондай-ақ Ақмола, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарында 12 жасырын есірткі зертханасының әрекетін тоқтатты. Жалпы, заңсыз айналымнан 145 келіден астам синтетикалық сипаттағы есірткі мен 2,5 тонна химиялық прекурсор тәркіленді», - делінген таратылған мәліметте.

Өндірілген есірткі ірі партияларда көлеңкелі сегментінде әрекет ететін есірткі дүкендерінің өкілдеріне өткізіліп отырған. Сонымен бірге, есірткі үшін ақы электронды төлем жүйесі арқылы қабылданған.


Соңғы жаңалықтар