Биыл 14 мың тоннадан астам балық өндірілді - министр Брекешев

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде 10 айда 14 мың тоннадан астам балық өңірілді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«10 айда балық өсірушілер 14 мың тоннадан астам балық өсірді. Жоспар бойынша - 22,6 мың тонна. Бұл ретте Алматы, Қарағанды және Атырау облыстары бойынша индикаторлардан ауытқу бар. Жалпы, бағдарлама индикаторларына қол жеткізу үшін әкімдіктер бизнес субъектілерінің бастамаларын қолдауды күшейтуі қажет. Бұл тұрғыда жергілікті бюджеттен мемлекеттік қолдау көрсету маңызды. Бұл ретте, осы жылы әкімдіктер субсидиялауға 401 млн теңге немесе бағдарламаның белгіленген көрсеткіштерінің 17 пайызы қарастырылған. Мемлекет тарапынан бизнесті қолдау жөніндегі міндеттемелерді орындау үшін әкімдіктер жыл сайын тиісті көлемде қаражат көздеуі қажет», - деді министр Балық саласын дамыту бағдарламасының биылғы қорытындысын баяндай келе.

Оның дерегінше, бүгінде 1 600 су айдыны 1 200 шаруашылық субъектісіне бекітілді. Онда 12 мыңнан астам адам балық аулауды кәсіп етіп отыр.

«Сонымен қатар 72 кәсіпорын балық өңдеумен айналысады. Оның 17-сі жоғары талаптарға сай келеді және Еуропалық одақ елдеріне балық өнімдерін экспорттау құқығын алды. Қалғандары ішкі нарық пен жақын шет елдерге бағдарланған», - деді Серікқали Брекешев.


Соңғы жаңалықтар