Биыл 114 тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны тексеріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2022 жылдың 2-жартыжылдығында 114 тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны тексеріледі. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярдың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны жылына 1 рет тексеру жиілігімен эпидемиялық маңыздылығы жоғары нысандарға жатады. 2022 жылдың екінші жартыжылдығында 114 полигонды тексеру жоспарланған. Полигондарға қойылатын талаптарды сақтау аясында Экология министрлігі 2021 жылы 43 тексеру жүргізді. Оның нәтижелері бойынша жалпы сомасы 8,9 млн теңгеге 73 әкімшілік айыппұл салынды», - деп атап өтеді Роман Скляр.

Оның дерегінше, бүгінде Қазақстанда 3 005 қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бар. Олардың 635-і немесе 21 пайыз экологиялық және санитариялық нормаларға сәйкес келеді. 2021 жылы бұл көрсеткіш 603-ті құраған.

«Экологиялық және санитариялық нормаларға сәйкес келетін полигондардың ең аз үлесі Павлодар облысында – 4 (полигондардың жалпы санының 1,25 пайызы), Батыс Қазақстан облысында – 2 (1,36%) және Солтүстік Қазақстан облысында – 16 полигон (3,51 %) байқалады. Денсаулық сақтау министрлігі 2021 жылы 8 полигонның қызметін тексерді. 7 нысанда бұзушылықтар анықталды. Жалпы сомасы 1 137 630 теңгеге әкімшілік айыппұлдар салды. Тексерулермен қамтудың төмендігі карантиндік және шектеу іс-шараларына байланысты», - деп атап өтеді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.


Соңғы жаңалықтар