Биыл 11 мыңға жуық интернет-қылмыс тіркелді – ҚР ІІМ
2022 жылғы 16 тамыз 22:42

Биыл 11 мыңға жуық интернет-қылмыс тіркелді – ҚР ІІМ

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда интернет арқылы жасалатын қылмыстар жыл санап артып келеді. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының басшысы Жандос Сүйінбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі

«Интернет-алаяқтық проблемасымен біз ғана емес, әлем болып күресуде. Ақпараттық технологиялардың дамуымен бірге қылмыскерлер де алаяқтық әрекеттерін қоса жетілдіріп жатыр. Ішкі істер министрлігінде интернет-қылмысқа қарсы күрес жұмысын жүргізетін арнайы бөлім бар. Сонымен қатар интернет-қылмыс және алаяқтықпен күрес бөлімі еліміздің барлық өңірінде жұмыс істейді. Биыл 7 айдың ішінде 11 мыңға жуық қылмыс тіркелді», - деді Жандос Сүйінбай «Atameken Business» телеарнасына берген сұхбат барысында.

Оның айтуынша, елімізде жыл санап интернет арқылы жасалатын қылмыстың көлемі өсіп келеді.

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша ел бойынша 13 мың интернет қылмысы тіркелді. Халықты интернет қылмысы мен алаяқтық әрекеттерден қорғау және ескерту мақсатында профилактикалық іс-шаралар тұрақты өтіп тұрады. Атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, бұл қылмыстар тіркеліп жатыр», - дейді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін кибершабуылдан қорғануға қатысты ҚазАқпараттың сарапшысы көлемді материал әзірлеген еді.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT