Биыл 11 мың шақырымнан астам автожол жөндеу жұмыстарымен қамтылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл 4 мың шақырым жергілікті жолдарда жөндеу жүргізіледі. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл құрылыс-монтаждау жұмыстары жалпы пайдаланымдағы 11 мың шақырымнан астам автожолда жүргізіледі. Республикалық желі бойынша 3,6 мың шақырымда құрылыс және реконструкция жұмыстары жалғасады, соның 856 шақырымын аяқтаймыз. Күрделі және орташа жөндеумен 3,4 мың шақырым жол қамтылады», - деді А. Беков Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, биыл жергілікті автожол желісінде жөндеудің барлық түрлерімен 4 мың шақырым жол қамтылмақ, соның 3 мың шақырымы пайдалануға беріледі.

«Жыл қорытындысы бойынша нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі республикалық желі бойынша 92 пайызға және жергілікті желі бойынша 87 пайызға дейін жеткізіледі», - деді Амангелді Беков.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2022 жылы нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі республикалық желі бойынша 91 пайызға дейін, ал жергілікті желі бойынша 85 пайызға дейін жетті.


Соңғы жаңалықтар