Биыл 1,1 трлн теңге сомасына 149 жоба іске асырылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл 1,1 трлн теңге сомасына 149 жоба іске асырылады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы жылы өнеркәсіпті дамытуға байланысты қолданыстағы заңнаманы жетілдіру жұмысы жалғастырылады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес орта және жоғары бөліністегі өнімдерді өндіру мақсатында ішкі нарықты елімізде шығарылатын базалық материалдармен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қабылданады. Бұған қоса импортты алмастырудың салалық жоспарлары мен өңірлік бағдарламалары қолға алынады. Жыл соңына дейін 16,3 мың тұрақты жұмыс орнын ашуды қарастыратын 1,1 трлн теңге сомасына 149 жобаны іске асыру көзделген», - деді Марат Қарабаев министрліктің кеңейтілген алқа отырысында.

Оның дерегінше, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 2 трлн теңге сомасына 14,4 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берген 160 жоба іске асырылды.

«Айталық, Қызылорда облысында табақ шыны өндірісі, Атырау облысында полипропилен шығаратын, Қарағанды облысында автомобиль шиналарын өндіретін, сондай-ақ Шымкент қаласында алюминий қалбырын шығаратын кәсіпорынның жұмысы жолға қойылды. Сонымен бірге Жамбыл облысында азот-фосфор тыңайтқыштарын өндіру 2 есеге ұлғайтылды», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар