БИЯШЕВ ҒАҚАШ ЗӘКИҰЛЫ

None
None
Бияшев Ғақаш Зәкиұлы (1906-1987) - генетик-ғалым, өсімдіктердің селекция маманы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері.

Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданы Қамысты ауылында дүниеге келген. Орта Азия мемлекеттік университетін, Бүкілодақтық мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының (Ташкент) аспирантурасын бітірген.

1931-1936 жылдары Аққабақ тәжірибе стансасының ғалым-хатшысы, Бүкілодақтық мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының (Ташкент) ғылыми қызметкері, 1936-1939 жылдары - Қазақ мақта-жоңышқа тәжірибе стансасының (Шымкент) ғылыми қызметкері. 1939-1950 жылдары - Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі, директордың ғылыми жұмыстары жөніндегі орынбасары, В.Ленин атындағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы академиясы Қазақ филиалының секция меңгерушісі. 1950-1957 жылдары - Қазақ мемлекеттік университеті кафедрасының меңгерушісі. 1957-1961 жылдары - Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының вице-президенті. 1961-1965 жылдары - Қазақ мемлекеттік университеті кафедрасының меңгерушісі, 1965-1978 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Ботаника институтының директоры. 1978-1987 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Ботаника институтының гетерозис зертханасының меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Негізгі ғылыми еңбектері өсімдікгер генетикасы мен селекциясына арналған. Алшақ будандастыру, полиплоидия, гетерозис, тағы басқа мәселелерді қамтитын генетикалық зерттеулерді жүргізуге атсалысқан. Дәнді және техникалық дақылдарды түрішілік және түраралық будандастырудың нәтижесінде бидайдың, арпаның, жүгері мен қант қызылшасының жоғары өнімді будандары мен сорттарын алуда зор еңбек сіңірді. Ғақаш Бияшев қант қызылшасы мен қоза биологиясын зерттеп, оларды республикада өсіру жүйесін жасаған.

Ғалымның «Культура сахарной свеклы в Казахской ССР», «Система земледелия в Казахстане», «Итоги ботанических исследований в Казахстане - 50-летию Октября», «Корреляция между весом корнеплодов и сахаристостью у дитетраплоидных сортолинейных гибридов сахарной свеклы. Сельскохозяйственная биотехнология» атты ғылыми еңбектері жарық көрген.

2006 жылы генетик-ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, академик, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Бияшев Ғақаш Зәкиұлының туғанына 100 толуына орай Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Конференцияға Америка Құрама Штаттары, Ресей және Қазақстанның ғалымдары мен мамандары қатысқан.

Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен және көптеген медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Дерек көзі:

Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 2 том.

Соңғы жаңалықтар