Биткойн бағасы 8 мың долларға жетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биткойн бағасы 8 мың долларға жетіп, былтырғы жылдың шілде айынан кейін ең үлкен көрсеткішке көтерілді, деп жазады CNN басылымы.

«Баға көтерілген соң сарапшылар бұл жағдай биткойнның инвестициялық мүмкіндік ретінде болашағы барын көрсететінін жарыса айта бастады. Дегенмен, өзгеріс жиі болып тұратын валютаға әлі сенімсіздік байқалады», - деп жазады басылым.

Криптоактивтерді басқару мәселелерімен айналысатын Interchange компаниясының негізін қалаушы Дэн Хелдтің айтуынша, валюта бағасының қайта көтерілуі биткойнды қатерсіз инвестиция ретінде көрсеткен. «Дәл осы сәтте адамдардың билік пен банк жүйесінен көңілі қалған болуы мүмкін», - дейді ол.

«Кей сарапшылардың айтуынша, биткойн бағасының өсуіне дүйсенбі күні инвесторлардың биткойн саудасына араласуы әсер еткен болуы мүмкін. Ал нарық бағасы одан да көп адамды тартқан», - делінген ақпаратта.

Осы аптадағы биткойн бағасының өсуін кейбір мамандар блокчейн аптасымен байланыстырады. Бұл биткойнның ресми емес мерекесі саналады. Канаданың Coinsquare атты криптовалюта сату платформасының директоры Ленно Свитингтің айтуынша, Consensus 2019 деп аталатын блокчейн аптасына арналған шара биткойн мен басқа да криптовалюта сатып алушылардың назарын аудара білген. Сондай-ақ JPMorgan Chase (JPM) пен Microsoft (MSFT) компаниясы жақында блокчейн платформасына қатысты ортақ жоба бастайтынын мәлімдеген болатын. Бұл да биткойн бағасының өсуіне әсер етуі мүмкін.

Айта кету керек, 2017 жылы желтоқсан айында биткойн бағасы 20 мың долларға жеткен еді.

Соңғы жаңалықтар