Бітімгершілік қызметте қай мамандықтар сұранысқа ие

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бітімгершілік қызметте қай мамандықтар сұранысқа ие ? Бұл туралы елордада БҰҰ Бас хатшысының екі орынбасарымен кездесуден кейінгі брифинге ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көптеген елдерде бітімгершілерге деген қажеттілік бар. Бірақ нақты қай елге жіберілетіні жүргізілетін келіссөздерге байланысты анықталады. Алдағы уақытта БҰҰ штаб өкілдерімен, басшыларымен бұл мәселені нақты талқылайтын боламыз. Негізі, ол Азия және Африкадағы елдер», - деді Н. Ермекбаев.

Оның сөзіне қарағанда, бітімгерлер мамандығы бойынша жасақталады, яғни медицина, сапер мамандар, барлау, инженерлік сала мен полиция бағыттарына тиесілі.

«Бүгінде осы мамандықтар қажет болып жатыр. Сонымен қатар, техникаға да қажеттілік бар. Мысалы, тікұшақтар, түнгі көру құрылғылары және басқа да көлік түрлеріне сұраныс байқалуда. БҰҰ осындай техниканы жалға алып, оны пайдалануға мүдделі», - деді ҚР Қорғаныс министрі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Елордада ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев БҰҰ Бас хатшысының жедел қолдау жөніндегі орынбасары Атул Харе және бітімгершілік операциялар бағытындағы орынбасары Жан-Пьер Лакруамен кездесті.

Айта кетейік, жақында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бейбітшілік жолында Қазақстан мен БҰҰ ынтымақтастығы арта беретінін мәлім еткен еді.

«Бітімгершілік миссиясымен Ливанда игілікті істерін табысты аяқтаған БҰҰ-ның алғашқы қазақстандық тобы аман-есен елге оралды. Бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздік жолында Қазақстан мен БҰҰ ынтымақтастығы арта береді», - деді Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар