Бітімгерлік операцияларға қатысатын әскерилерді іріктеу ережесі бекітіледі

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде бітімгерлік операцияларға іріктеуден өткен әскери қызметшілер қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Қорғаныс министрлігі «Бітімгершілік операцияларына қатысу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерін іріктеуді жүргізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрық жобасын әзірледі.

Аталған ведомствоның хабарлауынша, құжат қағидалары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 2 маусымдағы №357 қаулысына сәйкестендіру мақсатын көздейді.

Әскери қызметшілерді іріктеудің ережесін бекіту туралы бұйрық жобасымен толығырақ «Электрондық үкімет» веб-порталының «Ашық НҚА» бөлімінде танысуға болады.

«Бітімгершілік операцияларға қатысу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерін іріктеу тәртібі қағидалары негізінде айқындалады. Әскери қызметшілер бекітілген қағидаларға сәйкес іріктеуден өтеді және «Қазақстан Республикасының бітімгершілік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 10 маусымдағы № 345 қаулысымен бекітілген бітімгершілік операцияларға дайындық қағидаларына сәйкес бітімгершілік операцияларға қатысады», - деп жазылған «Ашық НҚА» сайтында.

Осылайша аталған мәселе қоғам назарына ұсынылып отыр. 10 күннен бұйрық жобасы қолданысқа енгізіледі.

«Әскери қызметшілерді іріктеуді жоспарлау және іске асыру, жалпы бітімгершілік қызмет мәселелеріне ҚР Қорғаныс министрлігі жетекшілік етеді. Министрлік Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері және басқа да бөлімшелермен өзара іс-қимыл жасай отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымынан және басқа да халықаралық ұйымдардан сұрау салулардың келіп түсуіне қарай жүзеге асырады», - делінген құжатта.


Соңғы жаңалықтар