Бітімгер күштердің әлеуетін нығайту – ҰҚШҰ қызметінің тағы бір өзекті міндеті - Қасым-Жомарт Тоқаев
2022 жылғы 16 мамыр 17:48

Бітімгер күштердің әлеуетін нығайту – ҰҚШҰ қызметінің тағы бір өзекті міндеті - Қасым-Жомарт Тоқаев

МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде өтіп жатқан ҰҚШҰ саммитінде сөз сөйледі. Президент өз сөзінде халықаралық терроризм мен экстремизмге, заңсыз есірткі және қару-жарақ айналымына, көші-қонға, соның ішінде Ауғанстандағы ахуалдың өршуіне қарсы іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

– Ауғанстандағы жағдай, сондай-ақ осы елдің аумағындағы қарулы топтардың белсенді әрекеті мемлекеттеріміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қатер төндіріп отыр. ҰҚШҰ барлық ықтимал қауіп-қатерлерді ескеріп, Орталық Азияның оңтүстік шекараларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көбірек көңіл бөлуі керек деп есептеймін, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінің әлеуетін нығайту Ұйым қызметінің тағы бір өзекті міндеті екенін айтты.

– Біздің ойымызша, қазірдің өзінде ҰҚШҰ-ны БҰҰ-ның бітімгершілік қызметімен байланыстыру міндетін күн тәртібіне қою қажет. Бұл қадам Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының субъект ретіндегі құқығын нығайтады. Сондай-ақ Ұйымның бейбітшілікті сақтау жөніндегі халықаралық бітімгершілік операцияларға қатысу тәжірибесін қамтамасыз етеді, – деді Мемлекет басшысы.

Кездесу қорытындысы бойынша ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мерейтойлық мәлімдемесін қабылдады.

Содан кейін саммит қатысушылары жиын жұмысын таңғы ас форматында жалғастырды.


Jańalyqtar

MURAǴAT