Бішкектің бұрынғы мэріне жаңа айып тағылды

None
None
БІШКЕК. ҚазАқпарат - Бішкек қаласының экс-мэрі Албек Ибраимовке жаңа айып тағылды, деп хабарлайды Кабар агенттігі Қырғыз Республикасы Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2018 жылғы 21 шілдеде ҚР МҰҚК Бас тергеу басқармасы заңсыз жер учаскелерін бөлу кезінде жемқорлық жасау дерегіне қатысты қылмыстық істі тергеп-тексеру аясында Бішкектің бұрынғы мэрі А. Ибраимовке ҚР ҚК-нің 303-бабы 1-бөлігінде («Жемқорлық») қарастырылған қылмысты жасады деп айып тақты.

Тергеу барысында А. Ибраимовтың қызметін асыра пайдаланып, Бішкек мэриясының өзге лауазымды тұлғаларымен бірлесіп Бішкектің оңтүстік аумағында орналасқан муниципалдық жер учаскелерін заңсыз бөлу бойынша қылмыстық жоспар жасағаны белгілі болды.

Еске салайық, А. Ибраимов 19 шілдеде күдікті ретінде ұсталып, ҚР МҰҚК Бас тергеу басқармасына жеткізілген болатын.

МҰҚК Бас тергеу басқармасы бірқатар қылмыстық істерді тергеп жатыр. Тергеу барысында А. Ибраимовтың оларға қатысы бары жөнінде нақты мәліметтер анықталған. Оның ішінде, Бішкектің бұрынғы мэріне қатысты ҚР ҚК 171-ші бабы 4-ші бөлігінің 1,2-ші тармақтарында қарастырылған қылмыстардың белгілері бойынша қозғалған қылмыстық іс бойынша деректер белгілі болған. Яғни арнайы бұйымдарды жоғары бағамен сатып алып, «Дастан ТҰК» ААҚ мүлігін талан таражға салып, иемденген.

Қазіргі таңда А. Ибраимов ҚР МҰҚК тергеу изоляторына жіберілді. Әлі де тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 

Соңғы жаңалықтар