Бішкектің бұрынғы мэрі қамауға алынды

None
None
БІШКЕК. ҚазАқпарат - Қырғызстанның бас прокуратурасы Бішкектің бұрынғы мэрі Қубанычбек Кулматовты жемқорлық жасады деп айыптады. Бұл туралы «Кабар» агенттігі хабарлайды.

Тергеу барысында анықталғандай, 2014 жылы Кулматов Бішкек қаласының мэрі болғанда гранттық мақсаттағы қаржыны заңсыз пайдаланған. Ол «Бішкек қаласының ЖЭО-сын жаңғырту» жобасын жүзеге асыру аясында өңірдегі екі мектептің құрылысы үшін TBEA қытайлық компаниясы ұсынған 2 млн АҚШ долларды жымқырған.

Осылайша, К.Кулматов конкурстық іріктеу өткізбей, «Альто Групп» ЖШҚ басшысымен келісе отырып, қытайлық компанияны 1 млн АҚШ долларын аталмыш жеке компанияның шотына тікелей аударуға көндіреді. Сондай-ақ, қалалық бюджеттен Калыс Ордо мектебінің құрылысын аяқтау үшін қосымша 100 млн сом бөлінген.

Қазіргі таңда мердігер жеке компания басшыларының бірі Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторына қамалды.
Айыпталушы К.Кулматовтың, Бішкек қаласы мэриясының жауапты тұлғалары және жеке компанияның оған үлестес басшыларының тұрғылықты мекенжайы бойынша тінту жұмыстары жүргізілді.  

Соңғы жаңалықтар