Бішкекті қою түтін тұмшалады

None
None
БІШКЕК. ҚазАқпарат - Бішкекті бір айдан бері қою түтін басып тұр. Салдарынан тұрғындардың тыныс алуы қиындап кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат Хабар 24 агенттігіне сілтеме жасап.

Ауада күйік иісі сезіледі. Шаһар белсенділері болса, арнайы заң жобасын ұсынып, күрделі мәселеге биліктің назарын аудармақшы. Алдымен құқық қорғаушылар қала әкімшілігіне сотқа шағымданбақ болды. Олар шаһарды қою түтін басқандықтан емес, ауаның ластануына қарсы шаралар қабылдамағаны үшін наразы. Бірақ заң бойынша қала билігі бұл жағдайға жауапты емес болып шықты. Енді белсенділер 10 мың қолтаңба жинап, Бішкектің ауасын ластамауға бағытталған заң қабылдау үшін парламентке арыз жібермекші. Денис Бердаков, белсенді:

«Әрине, ауа ластануының негізгі себебі - жанармайдың сапасыздығы болып отыр. Сондай-ақ жаңа құрылыстар бойынша жұмысты күшейту керек. Қала нашар желдетілетіндіктен, ғимараттарды белгілі бір ретпен салу қажет», - дейді белсенді Денис Бердаков.

Алғашында «Қырғызгидромет» мамандары Бішкектегі ауаның ластану деңгейі белгіленген мөлшерден аспады деп жұртты сендірмек болған. Алайда тәуелсіз сараптама зиянды бөлшектердің үлесі шамадан тыс артқанын  көрсетті.  Бішкек Кенешінің депутаттары бұл мәселені үкімет деңгейінде көтеруді ұсынған.  Таалайбек Сагынов, Бішкек Кенешінің депутаты:

«Бұл жөнінде хаттамалық тапсырма емес, Қырғыз республикасының үкіметімен бірлесіп қаулы шығаруды ұсындым. Өйткені хаттамалық тапсырма дегеніміз жай тапсырма ғой. Ал қаулының заңды күші бар», - дейді Бішкек Кенешінің депутаты Таалайбек Сагынов.

Лас ауаның салдарынан қанша адамның денсаулығы сыр бергені туралы нақты мәлімет жоқ. Бірақ, дәрігерлердің айтуынша, ондай сырқаттар бірден біліне бермейді. Сол себептен бұл мәселе шешімін таппағанша, мамандар терезе ашпауға кеңес беріп отыр. Әсіресе кеш мен түнгі уақытта абай болған жөн екен. Қала ауасын тазарту үшін қаражат қажет. Қала әкімшілігі экологиялық айыппұл енгізуді ұсынып отыр. Ал келесі жылдың көктемінде Бішкекке сұйылтылған газбен жүретін алғашқы автобустар жеткізіледі.

Соңғы жаңалықтар