Бішкектегі Түркі киносы күндерінде қазақстандық фильм көрсетіледі

None
None
БІШКЕК. ҚазАқпарат - Бүгін Бішкекте Түркі киносы күндері басталды. Фестивальге қазақстандық режиссер Сәбит Құрманбековтың «Оралман» фильмі қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кино күндерінің бағдарламасы көрермендерді бейжай қалдырмаған қырғыздың «Тунку кырсык» фильмінің көрсетілімімен басталды. Қазақстандық «Оралман» фильмі 15 қыркүйек күні Бішкекте қазақ тілінде ағылшын субтитрлерімен көрсетілетін болады.

Отандық туынды көптеген әлемдік фестивальдерде жоғары бағаға ие болып, қазақстандық көрерменнің көңілінен шығып үлгерді.

«Қазақфильмнің» анимациялық бөлімінің директоры Адай Әбелдиновтің пікірінше, фильм қырғыз қауымының да қызығушылығын тудыруы әбден мүмкін.

Түркі киносы күндері Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясы комиссиясының «Кино және анимация - түркітілдес елдердегі мәдени мұраның бөлігі іспеттес» тақырыбындағы әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық мәселелерге арналған 6-шы отырыс аясында өтіп жатқан шаралардың бір ғана бөлігі. Олар ертең Қырғызстанның астанасында жалғасын табатын болады.

Кеңес отырысына Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Түркия елдерінің делегациялары, сондай-ақ, Түркия Мәдениет және туризм министрлігінің, Қырғызстан Мәдениет министрлігінің, Ұлттық киностудиялардың, дипломатиялық корпус пен өзге де ұйымдардың өкілдері қатысады.

Іс-шараға қазақстандық тараптан парламенттік делегация өкілдері - Динар Нүкетаева, Парламент Сенатының депутаты Әлия Сапарова, Парламент Мәжілісінің депутаты, сондай-ақ, «Қазақфильмнің» анимациялық бөлімінің директоры Адай Әбелдинов келді.

Фото: brod.kz

Соңғы жаңалықтар