Бішкекте конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделі талқыланды

None
None
БІШКЕК. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясының табысты тәжірибесі Қырғызстанның ерекше назарында. Бұл туралы Қырғызстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Бектемір Мурзубрайымов Бішкекте өткен «Этносаралық келісім мен конфессияаралық толеранттылықтың қазақстандық және қырғызстандық модельдері» атты дөңгелек үстел отырысында айтты. Екі ел сарапшыларының кездесуі 10-11 қазан күндері Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI Съезі қарсаңында өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Бейтемір Мурзубрайымовтың айтуынша, тұрғылықты емес ұлт өкілдерінің қазақ халқының мәдени дәстүрлерін тану арқылы мемлекеттік тілді меңгеру тәжірибесі өте қызықты.

«Қырғызстан халқы Ассамблеясындағы этникалық топтар өкілдеріне  қазақстандық әріптестеріміздің осы тәжірибесін назарға алуды ұсынар едік.  Басқа халықтардың рухани мәдениеті мен тілдерін меңгеру - бірлік пен этносаралық үйлесімге жетелейтін жол екені белгілі. Көршілеріміздің тәжірибесін зерттеу біздің бұл саладағы жеке тәжірибемізді байытатыны сөзсіз», - деп мәлімдеді Ассамблея өкілі.

Жалпы, конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделі қырғыз қауымдастығының жоғары бағасын алды. Осылайша, алдағы Съезде Қырғызстаннан делегаттардың бірі болатын «Ыйман» рухани мәдениетті дамыту қоры басқармасының төрағасы Нұржігіт Қадырбеков: «Қазақ пен қырғыз халықтарының тамыры мен құндылықтары бір, мен сонымен мақтанамын. Біз мәдениаралық және ұлтаралық келісім тақырыптары бойынша бір-бірімізбен жиі өзара әрекеттесуіміз қажет. Орталық Азия аймағы қашанда түрлі мәдениеттер өлкесі болған. Соның арқасында ол қазіргі кезде мәдени орталыққа айналған, бұл - негізгі байлық», - деп атап өтті.

Қазақстан мен Қырғызстанның этносаралық модельдері өте ұқсас - екі елде де 100-ден астам ұлт өкілдері тұрып жатыр.

Қырғызстандық ұлттық мәдени орталықтардың өкілдерін, сондай-ақ 2007 жылдан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясы үшін ҚР Парламенті Мәжілісінде депутаттық креслоға 9 квота бөлініп отырғаны қызықтырды. Бұл Қазақстан аумағында тұратын барлық халықтардың мүддесі заң шығару деңгейінде сақталатынын білдіреді. Осыған ұқсас норманы Жогорку Кенеште де әзірлеп, қабылдау ұсынысы жасалды.

«Дөңгелек үстел» қатысушылары этносаралық қатынастарды нығайту маңыздылығын атап өтіп, екі елдің бұл бағытта одан әрі өзара әрекеттесуі мен ынтымақтастығының жолдарын талқылады. Шаралар барысында толеранттылықты қалыптастыруға, этносаралық және конфессияаралық қатынастарды үйлестіруге, сондай-ақ Қырғызстанда және Қазақстанда азаматтық бейбітшілік пен келісімге қол жеткізу мәселелерінде әлеуметтік және экономикалық проблемаларды зерттеу әдістеріне ерекше көңіл бөлінді.

Қатысушылар сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 5 қазанда Қазақстан халқына жариялаған Жолдауының тақырыбы осы шарада талқыланған басымдықтармен және бағыттармен үндесіп тұрғанын атап өтті. Өйткені, елдегі халықтың, этностардың әл-ауқатының өсуі - бірлік пен тұрақтылықтың кепілі.

  

Соңғы жаңалықтар