Бішкекте қазақ киносының күндері өтті

None
None
БІШКЕК. ҚазАқпарат – Бішкекте қазақ киносының күндері өтті. Көрерменге Болат Қалымбетовтің «Мұқағали» және Айжан Қасымбектің «От» фильмдері ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстандық фильмдерді біздің елде көрсетуге әрқашан дайынбыз. Сіздердің фильмдеріңіз абыройлы халықаралық кинофестивальдерде жеңіске жеткенде де шынайы қуанамыз. Біз серіктестікке ашықпыз және жақын арада Қазақстанда қырғыз киносының күндерін өткізуді жоспарлап отырмыз», - дейді Т. Өкеев атындағы «Қырғызфильм» ұлттық киностудиясының директоры Ақжол Бекболотов.

Қазақ киносының күндері аясында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы халықаралық бөлімінің басшысы Әсел Ырыс, режиссер Болат Қалымбетов, продюсер Диана Ашимова, актер Төлепберген Байсақалов және тағы басқа да делегация мүшелері Ш. Айтматов атындағы Кино үйінде болды. Онда Орталық қызметі таныстырылып, соңынан дөңгелек үстел өтті. Ал, кешке көрермен қазақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың өмірінің соңғы жылдарын көрсететін «Мұқағали» фильмін тамашалады. Еске сала кетейік, бұл фильм 25-ші «Қараңғы түндер» Таллин кинофестивалі экуменикалық қазылар алқасының сыйлығына ие болған.

«Соңғы жылдары Орталық Азиялық кино жайлы ақпараттың аздығы сезіледі. Бірақ біз, қырғыз кинематографистері өзбек, тәжік, түрікмен және қазақ киносын тамашалап, әріптестеріміздің жаңалықтарын біліп, бірлескен жобаларды ойластыруымыз керек. Бұл көрермендер үшін де маңызды», - дейді қырғыз режиссері Артык Суюндуков.

6 тамызда қазақстандық делегация қырғыз әріптестерімен бірге Қырғызстанның Ұлттық тарихи мұражайында болды. Сол күні кешке Кино күндерінің жабылу салтанаты өтіп, Айжан Қасымбектің «От» фильмі көрсетілді. Киносүйер қауым картинаны жылы қабылдады және фильмде баяндалатын оқиға баршаға ортақ екенін атап өтті.

«Фильм шынайы өмір, қарапайым адамның қиын тағдыры туралы. Оқиға біздің халықтарымызға жақын. Ештеңеге қарамастан өмір сүруді, жақсы көруді жалғастыру керектігін баяндайды», - дейді басты рөлді сомдаған Төлепберген Байсақалов.

Айта кетсек, Бішкекте 5-6 тамызда өткен қазақ киносы күндерін еліміздің Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы және Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі кинематография департаменті ұйымдастырады.


Соңғы жаңалықтар