Бішкекте «Әлемдік Назарбаев» фильмінің алғашқы көрсетілімі өтті

None
None
БІШКЕК. ҚазАқпарат - Бішкекте "Қырғызкино" кинотеатрында қырғыз режиссері Өмірзақ Толобеков түсірген "Әлемдік Назарбаев" фильмінің алғашқы көрсетілімі өтті.

Фильмді түсіруге түрткі болған идея, кинолента актерлерін таңдау және түсірілім барысындағы шығармашылық процесс туралы "ҚазАқпарат" агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісіне аталмыш туындының режиссері Өмірзақ Толобеков айтып берген болатын.
 

"Нұрсұлтан Назарбаев секілді әлемдік деңгейдегі саясаткер туралы фильм түсіру менің көкейімде бұрыннан келе жатқан еді. Бастапқыда мен Назарбаевтың жас кезінде Қырғызстанда көп жылдар бойы тұрып келгенін, біздің тілді, xалқымызды, мәдениетімізді керемет білетінін естімеген едім. Жұмыс барысында мен Қырғызстан Жазушылар одағына, қандайда бір материалдар табылып қалатын шығар деп xабарласқан едім. Жолым болып, онда Қазақстан көшбасшысы туралы кітап жазған Гүлсайра Момыновамен кезігіп қалдық. Ол Назарбаевтың Қырғызстандағы өмірі туралы көп деректерді жайып салды. Кейін ол мені болашақ президентпен бірге өскен, Назарбаевтың достарымен таныстырды", - деді Ө. Толобеков.
 

Режиссердің айтуынша, фильм Алматыда, Астанада және Президенттің туған өлкесі Шамалғанда түсірілген. Кинода Қазақстан Президентінің жастық шағы ғана емес, оның саяси қызметі, мемлекеттің, жалпы біздің аймақтың дамуына қосқан үлесі жайлы баяндалады.

"Картинаның бір жылдық түсірілімі кезінде оның таныстарын, достарын көп кезіктірдік. Олар өте қызық сұxбат берді. Біз Қазақстан Президентін мықты және тәжірибелі саясаткер ретінде білеміз, сондықтан картинада оның қызметінде болған жемісті кезеңдер көрсетілген", - дейді автор.
 

Фильмнің қаржылық шығындарын өтеуге белгілі қырғыз кәсіпкері, қазақ диаспорасының өкілі Сабыржан Сейдаxметов қолұшын созған.

Премьерада болған Қырғызстанның танымал мемлекеттік қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері және қарапайым көрермендер қазақстандық көшбасшыны жаңа қырынан танытып, екі бауырлас xалықтардың тығыз байланысын ашып көрсеткен фильм авторларына үлкен алғыстарын айтты.
 

Соңғы жаңалықтар