Бишімбаевтың коттеджі мәдениет үйіне айналады
Әкімдіктің мәліметі бойынша Астананың іргесіндегі Қосшы ауылында экс-министр Қуандық Бишімбаевтың аңшы үйінің аумағы 500 шаршы метр. Бұл коттеджде үлкен холл, үш жатын бөлме, монша және ашық бассейн бар.
Астана қаласы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының шешіміне сәйкес Целиноград ауданы әкімдігінің 2018 жылдың 7 қыркүйектегі қаулысымен аталмыш нысан аудандық мәдениет үйінінің балансына берілген.
«Қазіргі кезде, коттеджді мәдениет үй ретінде қайта жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Жақында ішін жинастырып, тазаладық. Мәдениет үйіне қажетті құралдармен жабдықталуда. Жыл соңына дейін нысанды пайдалануға беретін боламыз. Онда 20 адам жұмыс істеп, 10 үйірме ұйымдастыру жоспарланған. Бұл Қосшы ауылындағы алғашқы мәдениет үйі болады», - деп түсіндірді Целиноград аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Сүйінжанова ҚазАқпарат тілшісінің сауалына.
Еске сала кетейік, 2018 жылғы 14 наурызында Астана қаласы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев мүлкінің тәркіленуімен 10 жылға сотталған болатын.