Бишімбаевтың ісі бойынша апелляциялық соттың шешімі шықты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша апелляциялық соттың шешімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Апелляциялық соттың шешімі бойынша Қуандық Бишімбаевқа 14 наурызда шығарылған сот үкімі өзгеріссіз қалдырылды.
«Бишімбаевқа рақымшылық неліктен қолданылмады? Себебі, рақымшылық туралы заңға сәйкес ауыр және аса ауыр қылмыс қатар тіркелген болса рақымшылық қолданылмайды», - деді шешімді оқыған судья Алма Есімова. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 16 мамырда Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша апелляциялық сот отырысы басталған болатын.

Бұрынғы Ұлттық экономика министрі мен осы іске қатысты өзге де айыпталушыларға сот үкімі ағымдағы жылдың 14 наурызында шыққан еді. Сот үкімімен Қуандық Бишімбаевтің мүлкі тәркіленіп, 10 жылға сотталды. Сонымен бірге, ол өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Еске сала кетсек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюро Бишімбаевті 2017 жылдың 10 қаңтарында ұстады. Бишімбаев Қызылорда қаласындағы әйнек зауытын салу барысында «Orda Glass» ЖШС-ның ведомстволық бағыныстағы компаниясы мен оның мердігерлік ұйымы «Шымкентхиммонтаж» ЖШС арқылы 1 млрд теңге жымқыру қылмыстық схемасын ұйымдастырды деп айыпталды. 

ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Азамат Базылбеков Қ. Бишімбаев жазасын Астанадағы қауіпсіздігі жоғары бірден-бір мекеме - 166/10 түзеу колониясында өтейтінін мәлім етті. Оның айтуынша, сотталған бұрынғы министрге ешқандай артықшылықтар берілмейді.

Соңғы жаңалықтар