Біржолғы зейнетақы төлемін пайдалану ережесіне жаңа шектеу енгізілуі мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Біржолғы зейнетақы төлемін баспана мәселесін шешуге пайдаланудың ережесіне туысқандық қатынас туралы жаңа шектеу енгізілуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мұндай ұсынысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ұсынып отыр. Талқылауға шығарылған құжатта біржолғы зейнетақы төлемін пайдаланып отырған салымшы өз жұбайы мен оның жақын туыстарынан жылжымайтын мүлік сатып ала алмайтыны жазылған.

«Біржолғы зейнетақы төлемдерін алушы мен өтініш берушінің жұбайынан, жақын туыстарынан, сондай-ақ жұбайының (зайыбының) жақын туыстарынан жылжымайтын мүлік сатып алуға пайдалануға жол берілмейді. Осы тармақтың орындалуын бақылау мақсатында алушы жеке кабинетте біржолғы зейнетақы төлеміне электрондық өтініш берген кезде аталған тұлғалардан жылжымайтын мүлікті сатып алмау туралы міндеттемеге қол қояды», - деп жазылған министр бұйрығының жобасында.

Құжаттың толық атауы - «Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2021 жылғы 21 қаңтардағы № 24 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы бұйрық».

Министрліктің құжатқа осындай түзету дайындауына нотариустар тарапынан түскен сауалдар себеп болған көрінеді. Ведомствоға неке жағынан туысқандардың арасындағы баспана сату-сатып алу келісімдеріне біржолғы зейнетақы төлемдерін рәсімдеу қаншалықты заңды екені туралы сауалдар жиі түсетін болған.


Соңғы жаңалықтар