Біржан сал ауданында ПХД-қалдықтарды қайта өңдеу зауытын салу жоспарда бар - министр

Фото: None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Біржан сал ауданында ПХД-қалдықтарды қайта өңдеу зауытын салу жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жоба Степногор қаласына бұрынғы әскери нысан - «Дарьял – У» радиолокациялық станциясының аумағынан әкелінген ПХД-қалдықтарын жоюға бағытталған.
Министрдің айтуынша, Степногор тұрғындарын ПХД-қалдықтарын қаладан шығару мәселе толғандырып отыр.

«Қазіргі кезде ПХД-қалдықтарын қайта өңдеу зауытын салу мәселесі тұр. Бұл қалдықтарды буып-түю және сақтау туралы айтатын болсақ, онда атмосфераның ластануына қатысты ешқандай алаңдаушылық жоқ. Олардың барлық қаптамасы БҰҰ деңгейінде сертификатталған, қалдықтар барлық санитарлық және экологиялық талаптарға сәйкес келетін жағдайларда сақталады, дабыл жүйесі бар. Бұл қалдықтар қоршаған ортаға, сондай-ақ халықтың өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төндірмейді», - деді Серікқали Брекешев.

Министр атап өткендей, қауіпті қалдықтарды қайта өңдеу және жою мәселесі бойынша қоғамдық тыңдаулар өткен.

«Халық пен жұртшылық бұл қалдықтарды Степногор қаласында қайта өңдеу нұсқасын іске асыруды қолдамады. Сондықтан әкімдік қазір қарауға үш балама нұсқаны ұсынып отыр. Олар бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Біз бір нұсқада тоқтадық. Бұл қаладан 70 шақырым жерде – Біржан сал ауданында салу. Оны жергілікті тұрғындар қолдап отыр», - деп толықтырды Серікқали Брекешев.

Ақмола облысында Қопа көлін тазартуға 12,1 млрд теңге бағытталмақ.



Соңғы жаңалықтар