Біржан Нұрымбетов Маңғыстаудағы мұнайшылар наразылығына қатысты пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысынан кейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Маңғыстаудағы мұнайшылар наразылығына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта «М-Техсервис» кәсіпорнында наразылық бар. Жұмысшылар жалақыны 65 пайызға көтеруді талап етіп отыр. Талап ету шарасы 5-6 күнге созылды. Бастапқыда компания басшылығы 65 пайызға көтеруге келісіп, тиісті хаттама да жасалған. Дегенмен, өкінішке қарай хаттамаға қол қойылмады. Бүгінде бұл мәселе бойынша жергілікті еңбек инспекциясымен, облыс әкімімен жұмыс істеп жатырмыз. Негізгі басшылығы Алматыда және олар прокуратура органдары арқылы шақырылды. Қазір келіссөз жүріп жатыр», - деді министр.


Осы ретте ол «М-Техсервис» кәсіпорны жұмысшыларының нақты жалақысы қанша екенін айта алмайтынын жеткізді.
«Меніңше, шамамен 275 мың теңгені құрайды. Шамамен 200 жұмысшы жалақысына көңілі толмай отыр. Маңғыстау - мұнайлы облыс. Сондықтан негізгі еңбек даулары осы облыста жиі орын алып жатады. Соңғы 6 жылда 65 наразылық шарасы өтсе, соның 90 пайызға жуығы осы өңірде орын алған», - деді Б.Нұрымбетов.
Министр жұмысшылардың жұмыс берушіден жалақыны көтеруді талап етуге құқы бар екенін айтты.
«Мәселен, «ӨзенМұнайГаз» компаниясындағы жалақы өзге облыстардағы мұнай компанияларынан айтарлықтай жоғары. Жалпы, жұмысшылардың өз жұмыс берушісінен жалақыны көтеруді немесе жұмыс істеуге басқа да қолайлы жағдай жасауды талап етуге құқы бар», - деді ол.




Соңғы жаңалықтар