Біржан Нұрымбетов қостанайлықтарға шағын кәсіпкерлік тетіктерін түсіндірді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов өңірдегі «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының орындалуымен танысып, жас кәсіпкермен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еске салайық, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Үкіметтік делегациясы Қостанай облысына келді. Кеше меймандар балғын футболшылардың жаттығу алаңына барды.

Бүгін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов облыстағы «Еңбек» және нәтижелі жұмыспен қамтуды дамыту бағдарламасына қатысушылардың жұмыстарына куә болды. Мәселен, балаларын жалғыз асырап келе жатқан Елена Шульга мемлекеттен 7,5 миллион теңге көлемінде шағын несие алып, косметология салонын ашқан. Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, Елена кедейліктің шегін еңсеріп қана қоймай, салонда маникюр шеберлері болып жұмыс істейтін екі адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

«Сіздер «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдаланудың өте жақсы үлгісін көрсетіп отырсыздар. Жеке бизнесіңізді кеңейтіп қана қоймай, сонымен қатар бұрын тұрақты табысы болмаған екі отбасына тұрақты жұмыс беріп отырсыз. Бұл – мемлекеттік бағдарламаға қатысушының өз ісін дамытып, басқаларға жұмыс ұсынуының жарқын мысалы. Жұмыссыз жүрген азаматтарды мемлекет беріп отырған мүмкіндіктерді пайдалануға шақырамын. Бизнес әр адамның қолынан келеді», – деп атап өтті Біржан Нұрымбетов.

ҚР Еңбек министрі Федоров ауданының халықты жұмыспен қамту орталығына барып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндірді, сондай-ақ жұмыссыздарды мемлекеттік қолдау шаралары туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Мемлекет басшысының көпбалалы аналарды шағын бизнеске тарту жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін «Еңбек» бағдарламасына өзгерістер енгізілетінін мәлім етті.

«Жаңа бизнестің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін көпбалалы отбасылардың жобаларына микрокредит беру мерзімін ұзарту ұсынылады. Несиені өтеу кезінде қаржылық ауыртпалықты азайту үшін номиналды пайыздық мөлшерлемені төмендетуді ұсынамыз. Жеткілікті кепілдік қамтамасыз етілмеген отбасылар үшін ауылдар мен қалаларға бөлінбестен бір оператор арқылы микрокредиттерге кепілдік беру тетіктерін кеңейту жоспарлануда», – деді министр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Біржан Нұрымбетов Алматы, Шымкент қалалары мен Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Атырау, Батыс Қазақстан, Түркістан, Ақтөбе, Павлодар, Ақмола, Алматы Солтүстік Қазақстан облыстарында Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауын түсіндірген болатын.

Соңғы жаңалықтар