Біржан Нұрымбетов: Қазақстанда зейнетақы жинағы 500 мың теңгеге ғана жететін 5,3 млн адам бар

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде қазіргі таңда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жиналған салымдардың жалпы қоры – 10 трлн 400 млрд теңге.

Бұл мәліметті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда біздегі заң бойынша азаматтар өзінің зейнетақы жинағын ай сайын келесі жағдайларда алуы мүмкін: өзіңіз білетіндей, ер адамдар 63, әйелдер 59 жасқа жеткен кезде, екіншіден, азамат І және ІІ топтағы мүгедек болып саналса, үшіншіден ер адамдар 55 жасында, әйелдер 51 жарым жаста зейнетақылық ануитетті реттесе. Зейнетақылық антуитет деген жинақтаушы қордағы жинақтың жеткілікті болуына байланысты болады», - деді Біржан Нұрымбетов Парламент Сенатында өтіп жатқан дөңгелек үстелде.

Сонымен бірге, министр зейнетақы қорынан бір мезгілде барлық жинақты алу мүмкіндігі де қарастырылғанын айтады. Яғни, егер Қазақстан азаматы шетелге біржолата тұрақты тұруға шығып кетіп, азаматтықты жоғалтса, екіншіден, салымшы қайтыс болса оның зейнетақы жинағы мұрагерлеріне беріледі. Үшіншіден І және ІІ топтағы мүгедектер мен зейнеткерлердің жинағы 12 төменгі зейнетақы мөлшерінен төмен болса барлық жинақты алуына мүмкіндік бар. 2020 жылы бойынша ол сома – 463 мың теңге.

«Бүгінгі таңда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жиналған салымдарымыздың жалпы қоры – 10 трлн 400 млрд теңге. 9,9 млн зейнетақылық есепшот бар. Сол 9,9 млн есепшотта 5,3 млн адамның зейнетақылық жинағы – 500 мың теңгеге ғана жетеді. Одан бөлек, 1,6 млн адамның зейнетақылық жинағы – 500 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін жиналған. Демек, біздің азаматтардың 69 пайызының 1 миллион теңгеге дейін ғана жарналары бар. 9,9 млн салымшының 15 пайызының зейнетақы жарналары – 1-2 млн теңге аралығында. Сонымен жалпы зейнетақы салымшылардың 84 пайызының жинағы 2 миллион теңгеге ғана жетеді», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар