Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаражаты экономиканы кредиттеуге жұмсалуы мүмкін - Қ. Келімбетов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаражаты экономиканы кредиттеуге жұмсалуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Ұлттық банкі Төрағасы Қайрат Келімбетов осылай мәлімдеді.

Еске салайық, жалпы отырыста депутаттар «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» заң жобасын талқылаған болатын.

«Біз қазіргі таңда Үкіметпен бірлесіп экономиканы кредиттеу мәселесімен айналысып жатырмыз. Соның ішінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражатты алдағы жылдары экономиканы кредиттеуге жұмсау мүмкіндіктерін қарастырудамыз. Бұл ауқымды қаражаттар негізінен банктерге, тұрғын үй құрылыстарына, сондай-ақ экономиканың аралас секторына да қатысты», - деді Бас банкир.

Оның айтуынша, алдағы уақытта ел экономикасы үшін қолжетімді әрі қымбат емес теңгемен қамтамасыз ету мәселесі толық шешімін табады.

«Бұл жағынан еш мәселе жоқ. Дегенмен, «бүгінгі ахуал қарапайым, жеңіл» деп ешкім айта алмайды. Ең бастысы, ертең доллар бағасы не боларын ешкім дөп басып айта алмайды», - деді Қ. Келімбетов.

Соңғы жаңалықтар