«Бірыңғай кадр жүйесі»: Президент Іс басқармасында кадр қалай таңдалады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Президенттің Іс басқармасында былтырдан бастап бірыңғай кадр жүйесі іске қосылды. Ол кадрлық іс жүргізу, HR-процесс, еңбекақы төлеуді автоматтандыру, тұрғын үй қоры сынды 4 ішкі жүйеден тұрады. Жаңа ақпараттық жүйенің жұмысы туралы Президенттің Іс басқарушысы Айбек Дәдебаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президенттің Іс Басқармасы жүйесіндегі басым бағыттар мен ірі жобалар туралы жалғастырсақ. Инженерлік-техникалық орталық, ұйымдастыру-бақылау және кадрлық бөлімімен бірлесе отырып, біздің HR мамандардың жұмысын айтарлықтай жеңілдететін маңызды жобаны жүзеге асырды. Былтыр іске қосылған «Бірыңғай кадр жүйесі» ақпараттық жүйесінің арқасында барлық ведомстволық бағынысты кәсіпорындардың кадрлық жұмысы автоматтандырылып, ортақ стандарт жасалды. Бұл Президенттің Іс Басқармасы жүйесі жұмысын саралауға жол ашып отыр», - деп жазды Айбек Дәдебаев Telegram парақшасында.

Оның айтуынша, бірыңғай кадр жүйесі кадрлық іс жүргізу, HR-процесс, еңбекақы төлеуді автоматтандыру, тұрғын үй қоры сынды 4 ішкі жүйеден тұрады. Пікірінше, аталған жүйенің пайдалы жағы – персоналды іріктеуде меритократия қағидатының сақталуы мен HR-процестердің автоматтандырылуы.

«Ақылды» жүйе бос лауазымға лайық үміткерді алдымен ведомстволық бағынысты ұйымның ішінен, содан кейін Президенттің Іс Басқармасы жүйесіндегі қызметкерлердің арасынан автоматты түрде өзі таңдайды. Содан кейін ғана басқа мекемелерден іздейді.Таңдау алгоритмінде негізгі 3 өлшем бар, ол – кандидаттың меңгерген машықтары, білімі және еңбек өтілі. Сондай-ақ, жүйе кандидаттың сол кәсіпорында ғана емес, бүкіл ПІБ жүйесінде істейтін барлық туыстарын көрсетіп, оған бұра тартуға жол бермейді. Қызметкердің тиісті лауазымға қаншалықты лайық екенін автоматты түрде саралап, кәсіпорын шеңберінде және бүкіл ПІБ жүйесі бойынша әділ баға береді. Ал бос орынға кандидаттың сәйкестік өлшемі шекті деңгейден артық, бірақ 100%-дан аз болса, онда жүйе қызметкерді оқытудың жалпы жоспарында ескерілетін жеке даму жоспарын құрып береді», - дейді ол.

Президенттің Іс басқарушысының мәліметінше, бірыңғай кадр жүйесі үміткерлердің санын, олардың қаншасы біліктілігін арттырғанын, кадр резервінен бос лауазымдарға тағайындалғандардың үлесін, резервтен кетіп қалғандарға қатысты ақпарат береді. Одан бөлек, резервтен кету себебін көрсету арқылы кадрлық резервтің қаншалықты тиімді екені туралы да білу мүмкіндігі бар.

«Кадрлық іс жүргізу» модулінде жұмысқа қабылдаудан бастап еңбек шартын бұзуға дейінгі барлық кадрлық құжаттардың стандарт шаблоны қарастырылған. Сондай-ақ, кәсіпорында кадрларға қатысты кез-келген қажет деректер базасын (штаттың нақты саны, қызметкерлердің ауысуы, жұмысқа келмеу себептерін талдау) құруға болады. Тағы бір артықшылығы, еңбекақы автоматты модуль арқылы есептеледі. Ал «Тұрғын үй қоры» модулі арқылы қызметтік тұрғын үйдің жай-күйін, баспанаға мұқтаж қызметкерлердің кезегін бақылауға мүмкіндік жасалған», - дейді А. Дәдебаев.

Сондай-ақ, жазба авторы бірыңғай кадр ақпараттық жүйесі еліміздің Еңбек кодексінің барлық ережелеріне сәйкес келетінін, ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай тиісті сынақтардан сүрінбей өткенін айтты.

Айтуынша, кәсіпорынның талаптарына орай бейімдеп, ауқымын кеңейтуге болатындығы жүйе артықшылықтарының бірі.

«Бұған дейін Президент Іс Басқармасының инженерлік-техникалық орталығының мамандары оны Әділет министрлігінің «Жеке тұлғалар», Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Enbek.kz, мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Е-қызмет» деректер базасымен біріктірген болатын. Биыл жыл соңына дейін қызметкерлердің деректерін қолмен енгізуді барынша азайту үшін мемлекеттік дерекқорлармен интеграция жасау толық аяқталуға тиіс», - деп толықтырды Президенттің Іс басқарушысы Айбек Дәдебаев.


Соңғы жаңалықтар