Бірыңғай экономикалық кеңістікте инвестициялық тұрғыдан тартымды қалалардың бірі - Алматы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы - бірыңғай экономикалық кеңістікте инвестициялық тұрғыдан тартымды қалалардың бірі. Бұл туралы бүгін басталған үшінші бизнес форумда қалалық Кәсіпкерлік пен индустриалды-инновациялық даму, ауылшаруашылық басқармасының басшысы Әлфия Балова айтты.

«Алматы көптеген экономикалық көрсеткіштер бойынша Орталық Азиядағы көшбасшылық орнын сақтап отыр. Әсіресе, бірыңғай экономикалық кеңістік аясында тікелей шетелдік инвестицияны тартуда алдыңғы орыннан көрінуде. Өткен жылы өткен инвестициялық форум барысында жалпы сомасы 1,6 млрд теңге болатын келісім-шарттар мен мен меморандумдарға қол жеткізілген болатын. Келесі инвестициялық форумды қазан айында өткізуді жоспарлап отырмыз», - деді Ә.Балова. Сондай-ақ, ол ресейлік және беларустық кәсіпкерлерді Алматыдағы маңызды инвестициялық жобаларға атсалысуға шақырды. «Қазіргі таңда Алатау ауданында арнайы экономикалық аймақ қалыптасқан. Инженерлік-транспорттық инфрақұрылымды қалыптастыруға 25,6 млрд теңге көлемінде бюджеттік инвестиция тартылды. Жалпы аумағы 500 га болатын аймақта 7 сегментке бөлінген. Онда қазір машина жасау, азық-түлік, құрылыс, фармацевтика, химиялық өнеркәсіп, жеңіл өнеркәсіп жиһаз жасайтын кәсіпорындар орналасқан. Сонымен қатар, «Инновациялық технологиялар Паркі» арнайы аймағында да түрлі салалардағы инновациялық идеялар жүзеге асып жатыр. Қазір аталған нысанның аумағы 165 га болатын екінші кезегі салынуда», - деді ол. Маманның айтуынша, Алматыдағы «Көкжайлау» тау шаңғысы курорты мен Универсиада нысандарының құрылысы да шетелдік инвесторлар үшін үлкен қызығушылық туғызады.

Соңғы жаңалықтар