+7 (701) 759 90 19
USD 432.64 EUR 505.02
RUB 5.47 CNY 64.7
Jańalyqtar

Бірыңғай білім беру платформасы, ұстаздар жалақысы, балабақша – Жолдау жүктеген міндеттер қалай шешіледі

2020 жылғы 3 қыркүйек 18:41
Бөлісіңіз:
Бірыңғай білім беру платформасы, ұстаздар жалақысы, балабақша – Жолдау жүктеген міндеттер қалай шешіледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавирус індеті таралуының қаупі басылмауы салдарынан биыл жаңа оқу жылы қашықтан оқыту форматында басталғаны белгілі. Бірақ, мұндай форматты ұйымдастыру барысында Үкімет тарапынан қателіктерге бой алдырғаны да жасырын емес. Оны күні кеше ғана Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жариялаған Мемлекет басшысы да ашық айтқан еді.

Ұқсас жаңалықтар
«Оқуға құштар мектеп»: Бес жылда мектеп кітапханаларындағы әдебиет жаңартылады Үкіметтен сапалы білімді талап ете білуіміз керек - Ерболат Мұхамеджан Жаңа мамандықтар атласы 90% дайын – Саясат Нұрбек

«Қашықтан оқыту ісін ұйымдастыруда Үкіметтің жіберген қателіктерін жақсы білеміз. Ашығын айтқанда, әлі күнге дейін нақты бір онлайн-платформа жоқ. Мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар күндіз-түні «WhatsApp»-тан бас көтермейтін болды. Толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет», - деген еді Қазақстан Президенті.

Шынымен де бүгінде орта білім саласында оқушылар қолданатын бірыңғай онлайн білім беру платформасы жоқ. Жалпы Білім және ғылым министрлігі тарапынан бекітілген 8 платформа бар. Осы платформалардың ыңғайына, беріп отырған мүмкіндігіне байланысты мектептер, қалалық, аудандық білім бөлімдері шешім қабылдап, келісімшартқа қол қояды және сол платформамен жұмыс істейді. Мәселен, елоралық оқушылар BilimLand пен Daryn.online платформасын қолданатындығы белгілі. Мұнан бөлек, ұстаздар Teams, Zoom бағдарламаларын қолданып, WhatsApp әлеуетіне жүгінуге де мәжбүр болып отыр. Ал бұл проблемалар қашан шешілмек? Мұның жауабын бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихаты барысында еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтып берді.

«Мемлекет басшысы орта білім бойынша қашықтан оқыту платформаларының мүмкіндігін арттыру тапсырмасын бергенін білесіздер. Біркелкілендіру, ортақ талаптар қою бойынша жұмысты бастап кеттік. Әрі қарай бұл жұмысты жалғастырып, тиісті деңгейде орындайтын боламыз», - деп сендіреді министр.

Мемлекет басшысы Жолдауында ұстаздардың жалақысын 2021 жылдың қаңтар айынан бастап 25 пайызға көбейтілетіні, бұл мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 1,2 триллион теңге бөлінетіні айтылған еді. Осы мәселеге орай министр қажетті қаражат бюджетте қарастырылып қойғанын айтады. Бұған қоса, осы жылдың қыркүйек айының өзінде ұстаздардың дәптер тексеру бойынша үстемеақысы 2 есе көбейіп, сынып жетекшілігі үшін алатын үстемеақысы да екі есе арттырылған екен. Ал магистратура бітірген ұстаздарға магистрлік деңгейіне сәйкес айына қосымша 27 мың теңге төлене бастамақ.

Жолдауда 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және біліммен 2025 жылға қарай 100 пайыз қамту міндеті қойылған еді. Осы мәселеге орай пікір білдірген Асхат Аймағамбетов 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен 100 пайыз қамту мәселесін іске асырудың екі ерекшелігіне тоқталады.

«Біріншіден, бұл тапсырманы мемлекеттік тапсырыс беру арқылы жекеменшік балабақшаның үлесін арттыру есебінен орындаймыз. Қысқа уақыттың ішінде жекеменшік секторды дамытудың арқасында өзгеріс болды. Қамту пайызы өсті. Ары қарай осы бағытпен жұмыс істеп, балаларды балабақшамен қамту мәселесін шешеміз»,- деді министр.

Оның айтуынша, екінші ерекшелік – ваучерлік тетік.

«Ваучерлік тетік дегеніміз не? Мәселен, бүгінде ата-ана баласының кезегі келгеннен кейін қай балабақшаға баратынын мемлекет көрсетіп береді. Енді мұнан кейін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ваучерлік тетік қолданылады. Яғни, ата-ана өзінің ваучерін алып, өзіне ұнаған, тиімді деген балабақшаны таңдайды. Қазіргі уақытта облыс не қаланың, ауданның білім бөлімдері, басқармалары конкурс өткізіп, қай балабақша мемлекеттік тапсырыс алатынын анықтаса, енді ата-ана өзі таңдайды. Бұл ең алдымен бәсекелестікті арттырады. Ал бәсекелестік болғанда сапа жақсарады. Сондықтан бұл өте маңызды тапсырма», - деді Асхат Аймағамбетов.

«Мемлекет басшысы ауыл, қала мектептерін дамыту, әсіресе жалпы білім беруді дамыту бойынша да тапсырма берген еді. Бұл тапсырманы орындау үшін де министрлік тиісті жұмыстар жүргізе бастамақ.

«Ең алдымен шағын жинақты мектептерге қатысты. Оларда бірнеше проблема бар. Біріншісі - ұстаздардың жетіспеушілігі, екіншісі - материалдық-техникалық базасы, білім деңгейі. Сондықтан осы тұрғыда жұмыс жүргіземіз. Еңбекақы төлеу тетігін өзгертеміз. Ұтқыр мұғалім, интернат салу, әдістемелік көмек, оқыту жұмыстары, жалпы материалдық-техникалық базаны жаңарту бойынша іс-шаралар қабылданады», - деді ол.

Айта кетерлігі, балалар мен жастардың шығармашылық әлеуеті мақсатында өңірлерде ұлттық қолөнер орталықтарын ашу жоспарланып отыр. Мұны жоғарыда аталған баспасөз мәслихатына қатысқан ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов айтқан болатын.

«Онда жас ұрпақ өкілдері шығармашылық және қолөнер негіздерін меңгеретін болады. Бүгінгі таңда осындай кешендердің бірі Жамбыл облысындағы «Шахристан» орталығы саналады. Бұдан басқа, Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті кешенінің базасында қолөнер орталығын ашу жоспарланып отыр. Осы орталықтардың жұмыс істеу тәжірибесін зерделегеннен кейін ел өңірлерінде қолөнер орталығы желісін кеңейту бойынша одан әрі жұмыс жүргізіледі»,- деді вице-министр.

Оның атап өтуінше, балаларды шығармашылыққа жаппай тартудың осындай қағидаты бойынша республикалық және жергілікті деңгейдегі мәдениет ұйымдарында шығармашылық үйірме құруға бастамашылық жасалады. Бұл балаларды дамыту мақсатында бос уақытын тиімді пайдалануды қамтамасыз етіп, талантты баланы ерте анықтауға ықпал етеді. Сонымен қатар, мәдениет және өнер ұйымдарында белсенді ересектермен өзара іс-қимыл жасау үшін қажетті жағдай іске асырылады.

Мұнан бөлек, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап мәдениет және спорт саласындағы мамандандырылған мектептер мен колледждер қызметкерлерінің жалақысы 2023 жылға дейін жыл сайын 25 пайызға ұлғаятын болады. Ал, бүгінде ҚР Парламенті Мәжілісінде қарастырылып жатқан бұқаралық спортты дамытуға бағытталған заң жобасы аясында мемлекеттік білім ұйымдарының педагогтарына сабақтан тыс спорт сабақтарын жүргізгені үшін базалық лауазымдық жалақыдан 100 пайыз мөлшерінде қосымша ақы енгізу мәселесі пысықталу үстінде.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Марлан Жиембай

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT