Біртанов жедел жәрдем қызметкерлеріне үндеу жолдады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматыда жедел жәрдем қызметкерінің соққыға жығылуы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәселені шешу үшін министрлік Алматыдағы денсаулық сақтау басқармасы мен Ішкі істер министрлігіне жүгінген.

"Бұл оқиға біздің көңілімізге қатты тиді, себебі өздеріңіз білесіздер, жедел медициналық жәрдем сапасын жақсартуға баса мән беріп жатырмыз. Жақында ғана жедел бригадаларының республикалық сайысын өткіздік. Бригадалардың 60 процентін халықаралық стандарттар бойынша оқыттық. Жедел жәрдемнің науқасқа жету уақытын 25 минуттан 18 минутқа дейін қысқарттық. Реанимациялық шаралар тиімділігі артты. Яғни, жедел жәрдемнің үлгеруі үшін қыруар қаражат пен уақыт жұмсалып жатыр", - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде журналистерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, халық жедел жәрдем қызметкерлерін құрметтеп қана қоймай, көмектесуі тиіс.

"Қаптаған көлік арасынан жедел жәрдемді тез байқау үшін, олардың көмекке асығып бара жатқанын түсіну үшін арнайы жедел жәрдем стандарттарын енгіздік. Олардың жоғары жылдамдықпен жүруі де желікпелік емес. Мұндай жылдамдықпен жүру үшін олар халықаралық бапкерлердің арнайы оқуына барған. Жедел жәрдемдегі әріптестеріме сабырлық танытуға, кикілжіңге бой алдырмауға, қандай жағдай босла да, жұмыстарыңызды жалғастыруға кеңес беремін. Біз де бұдан былай сіздерді лайықты деңгейде қорғауға күш саламыз", - деді Біртанов.

Еске сала кетсек, кеше Алматыда жолға таласқан азамат жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жықты. Сол күні Алматы полициясы 1990 жылы туған Түркия азаматын, яғни Фольксваген Пассат көлігінің жүргізушісін ұстады.  

13 жылдан бері жедел жәрдемде жұмыс істейтін Николай Кучма ашушаң жүргізушіні жазасыз қалдырмауға бекініп отыр.

 

Соңғы жаңалықтар