Біртанов пен Әбішев ісі: Апелляциялық сот үкім шығарды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Апелляциялық сот алқасы Денсаулық сақтау экс-министрі Елжан Біртанов пен оның бұрынғы орынбасары Олжас Әбішевке қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 431-бабы, 443-бабы, 444-бабы 1-бөлігінің 1-тармағын басшылыққа ала отырып, сот алқасы қаулы етті: Астана қаласы Сарыарқа ауданының 2022 жылғы 28 қазандағы №2 аудандық сотының Елжан Біртановқа, Олжас Әбішевке қатысты үкімі өзгеріссіз қалдырылсын. Қорғаушылар мен сотталғандардың апелляциялық шағымдары қанағаттандырылмайды. Қаулы жария етілген сәттен бастап заңды күшіне енеді», - деді апелляциялық сот алқасының төрағасы Айбек Әмірғалиев.

Айта кетейік, былтыр 28 қазанда Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевке қатысты сот үкімі шыққан еді. Оған сай, экс-министрге 5 жыл бас бостандығын шектеу, ал О.Әбішевке 4 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалған. Сонымен қатар, сот Денсаулық сақтау министрлігінің азаматтық талабын ішінара қанағаттандырды. Яғни, Е.Біртанов пен О.Әбішевтен Денсаулық сақтау министрлігінің пайдасына 1 млрд 350 млн 123 мың 129 теңге көлемінде материалдық шығын өтеуі тиіс. Ол үшін 3 ай уақыт берілген. Егер осы аралықта қажетті сома төленбесе, онда талап мәжбүрлеп орындауға жатады.

Еске салайық, бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2020 жылдың 3 қарашасында бюджет қаражатын ысырап етті деген күдікпен қамауға алынған болатын. Тергеу материалы бойынша, экс-министр мен оның орынбасары Олжас Әбішевке «Ericsson Nicola Tesla» компаниясының қызметін қолдану кезінде «лауазымдық өкілетін теріс пайдалану» арқылы мемлекетке 1,5 млрд теңге шығын келтірді деген айып тағылған.


Соңғы жаңалықтар