Біртанов дәрі-дәрмекті артығымен сатып алу мәселесін қалай реттейді

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін тегін медициналық көмек аясында дәрі-дәрмектер артығымен сатып алынады. Оған бюджеттің біраз ақшасы кетеді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, аймақтарда жоспарлау жұмысы дұрыс жүргізілмейді. Соның салдарынан бір жерде дәрі-дәрмек жетіспей жатса, енді бір жерде, керісінше, артығымен сатып алады. Оған қыруар қаржы жұмсалады.

«Жылдың басында «СК-Фармация» кейбір ақпараттық жүйелерді өзара қосты. Осының нәтижесінде біз емxаналарға жеткізілетін дәрілердің көлемін көріп отырамыз. Мәселен, дәрігер рецепт жазып берсе, науқас адам дәріні алды ма, алмады ма, бұның бәрін көруге болады. Қанша дәрі қалды, оны да көруге мүмкіндік бар. Негізі, қазіргі кезде кейбір өңірлерде көп дәрі-дәрмек қоймада жатыр. Себебі оны сатып алуды дұрыс жоспарламаған», - дейді Е.Біртанов.

Министрдің сөзіне қарағанда, бүгінде барлық әкімдерге нақты тапсырма берілді. Науқастардың тізімін электронды форматқа ауыстыру қажет.

«Бір-екі айда бүкіл жұмысты бітірсек, ары қарай көреміз. Мысалы, науқас келіп тіркелді. Оған ерекше диагноз, мәселен, диабет қойылса, біз оны көріп отырамыз. Одан кейін қандай дәрі-дәрмек керек? Бұның барлығы автоматты түрде жоспарланады. Электронды портал арқылы сатып алынады. Пациентке SMS арқылы, я болмаса, мобильді қосымша арқылы xабарлама түседі. Ол дәріні алды ма, алмады ма, жауап береді. Соған қарай жоспарды да жасаймыз», - деп атап көрсетті Е.Біртанов.

Айта кетейік, Үкіметтің кешегі отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев артық дәрі-дәрмек мәселесін көтерді. «Цифровизацияға көшкенде Қазақстан бойынша тегін дәрі-дәрмекті сатып алуды 35 процентке азайтуымыз қажет. Қазіргі кезде біз нақты сұранысты білмейіміз. Соның салдарынан артық ақшаны шығарып жатырмыз. Дәрі-дәрмекті сатып аламыз. Ал оның бәрі қоймада жатады. Мәселен, Қызылорда мен Маңғыстау облыстарында тегін дәрі-дәрмектің 50 проценті жай жатыр. Демек, миллиард теңгеге жуық ақша артығымен жұмсалды», - деді Б.Сағынтаев.

Сондай-ақ, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев тегін берілетін дәрі-дәрмектің артығымен сатып алынуын сынға алған болатын.

 

Соңғы жаңалықтар