Бірнеше отбасы үйінді астында қалуы мүмкін – Депутат оралмандар баспанасы туралы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақмола облысындағы оралмандарға арналған «Нұрлы көш» шағынауданында баспана сапасы сын көтермейді. Бұл жөнінде Мәжіліс депутаты Тұрғын Сыздықов Премьер-Министр Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мемлекеттің шақыруымен алыс және жақын шет елдерден тарихи Отанына қоныс аударушыларды жайғастыру мәселесін шешу қажет. Біріншіден, «Нұрлы көш» ауылы қарапайым құрылыс стандарттарына сай келмейді. Көптеген ғимараттың қабырғасы жұқа, гипсокартонмен жасырылған, іргетасы әлсіз. Қабырғаны бойлаған жарық суық өткізіп қана қоймай, адам өміріне де қауіп төндіреді. Бірнеше отбасы үйінді астында қалуы мүмкін. Оған тұрғындардың жыл сайынғы жөндеу жұмыстары да көмектеспейді. Бұл «құстың үйшіктері» тұратын жер емес. Тұрғындар осындай «жайлылық» үшін қымбат коммуналдық және арендалық төлем жасап отыр. Әлі күнге дейін оларды жер телімдерімен бірге меншікке беру жолдары қарастырылмаған», - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, құрылысқа бөлінген республикалық бюджет қаражатын біреулер жымқырды деген қауесет жүр.
«Бұл қауесетті теріске шығаратын негіз жоқ. Себебі тұруға жайсыз бұл ауылды үкіметтік комиссия 20 жыл бұрын қабылдаған. Тұрғындарға салтанатты түрде кілт табыстаған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес аясында нысандарды қабылдаған шенеуніктерді анықтап, аты-жөнін жариялау қажет. Заңға сәйкес жауапкершілік арту керек», - деді ол.
Осыған байланысты «Халық коммунистері» фракциясының депутаттары Премьер-Министрден арнайы үкіметтік комиссия құрып, мәселені түбегейлі шешу шараларын қарастыруды сұрады.


Соңғы жаңалықтар