Бірнеше күн ақшасын ала алмаған Астана тұрғыны Halyk Bank қызметіне шағымданды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Halyk Bank астаналық филиалының клиенті Сара Бәкірова Qazkom кэш-терминалы арқылы жіберілген 40 мың теңгені төрт күн бойы ала алмағанын айтып, шағымданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, екі банктің бірігуінен кейін ақша аудару қиындай түскен. Бұған дейін клиенттің әкесі Түркияда көз жұмғанда Homebank бағдарламасындағы ақау мен банктегі ақша аудару мен депозитті алудың қиындауына байланысты ол өзгелерден қарызға ақша алуға мәжбүр болған.

«Онда қайғыдан бас көтере алмадық және сіздерге қарайтын мұршамыз болған жоқ. Бірақ, бүгін менің төзімім таусылды. Сенбі 1 қыркүйекте құрбымнан 50 мың теңге алуым қажет болды. Ол Qazkom кэш-терминалы арқылы Qazkom картасына 10 мың және 40 мың теңге транзакция жасады. Чектері бар. Алғашқы сома колл-орталыққа үздіксіз хабарласқан соң, келесі тәулікте бір-ақ түсті (...). Ал 40 мың теңге әлі жоқ (...). Сіздер мені өте ыңғайсыз жағдайда қалдырдыңыздар. Балабақша мен коммуналдық қызметтерді төлейтін кезде, азық-түлік аларда ақшасыз қалдырдыңыздар», - деп жазды Сара Бәкірова әлеуметтік желіде.

Өз кезегінде Halyk Bank туындаған қолайсыздықтар үшін клиенттен кешірім сұрады. Ақшаның дер кезінде түспеуіне техникалық ақау - терминалда ақшаның қыстырылып қалуы себеп болып отыр.

«Банктің ішкі рəсімдеріне сəйкес, мұндай оқиғаларды қарау үшін клиент банк бөлімшесіне даулы транзакция туралы жазбаша шағым қалдыруы тиіс. С. Б. Бәкірова банктің Call-орталығына хабарласқанда оператор оған жазбаша шағым қалдыруды ұсынған, бірақ клиент банк филиалына келуден бас тартқан. Сонымен бірге, банктің инкассация қызметінің төлем терминалдары мен банкоматтарды  инкассациялаудың өз реглменті және кестесі бар. Олар құжаттық растаусыз, филиал тарапынан тиісті өтінімсіз белгілі бір банкоматты немесе терминалды кестеден тыс инкассациялай алмайды», - деп жауап берді  Halyk Bank баспасөз қызметі ҚазАқпарат сауалына.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, 1 қыркүйек күні ақша тұрып қалған терминал бүгін 4 қыркүйекте инкассацияланған және жоғарыда көрсетілген сомада қалдық ақша табылған. Күннің екінші жартысында бұл қаражат клиент есепшотына түскен.

Соңғы жаңалықтар