Бірнеше қалада зергерлік бұйымдар ұрлаған екі азамат Семейде ұсталды

None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Еліміздің бірнеше қаласында зергерлік бұйымдар ұрлаумен айналысқан екі адам Семейде ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Абай облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, алдын ала сөз байласқан ер адам мен әйел Қазақстанның бірнеше қаласындағы зергерлік бұйымдар сататын дүкендерден ұрлық жасап келген.

«102 жедел арнасына Семейдегі зергерлік дүкен иесі хабарласып, белгісіз әйелдің сөреден 147 000 теңгелік алтын алқаны ұрлап кеткенін айтты. Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шараларын қолға алып, бақылау камераларын тексерді. Соның нәтижесінде, ұрының «ВАЗ» маркалы автокөлікпен жүргені анықталды. Көп ұзамай екі көпір жабылып, күдіктілер қолға түсті», - делінген ақпаратта.


Тергеу барысында екі сыбайластың 34 жастағы Атырау қаласының тұрғындары екені белгілі болды. Олар бұған дейін Алматы, Шымкент, Талдықорған, Аягөз қалаларында ұрлық жасаған.

«Әркімнің өз рөлі болған. Әйел адам зергерлік дүкенге кіріп, анасына сыйлық іздеп жүргенін айтады. Сатушы назары басқаға ауған сәтте, бұйымды сөмкеге салып, сыртта күтіп тұрған көлікке мініп жасырынған. Абай облысы аумағының өзінде күдіктілер 7 ұрлық жасап үлгерді. Жәбірленушілерге келтірілген материалдық залалдың жалпы сомасы 4 млн теңгеден асады. Олар ұрланған алтынның бір бөлігін ломбардқа өткізіп жіберген. Қазіргі уақытта жедел уәкілдер ұрылардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеруде», - деді облыстық ПД бастығының орынбасары Нариман Күлдіков.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-баптың 3-бөлігіне (Ұрлық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.


Соңғы жаңалықтар