Бірнеше қала тұрғынын алдаған интернет-алаяқ ұсталды - СҚО

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында еліміздің бірнеше қаласының тұрғынын интернет арқылы алдады деген күдікпен 33 жастағы келіншек ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Айыртау ауданының 1988 жылғы тұрғыны WhatsApp мессенджерін пайдаланып, алаяқтықпен айналысты деген күдікке ілінді. Ол адамдарға «ақшаны айналымға жіберіп жылдам баюды» ұсынған. Кез-келген салыммен аз уақытта 30 % пайдаға кенелуге болады-мыс. Ақтөбе, Тараз, Қызылорда және Қазақстанның басқа да қалаларының тұрғындары қылмыскерге орта есепппен 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейін ақша жіберген.

Полицейлер әйелдің Көкшетауда тұратынын анықтады. Ол бір кездері телефоны мен банк карточкасын жоғалтып алғанын, оны біреулердің пайдалануы мүмкін деп түсіндірген. Полицейлер бұған сенімсіздік білдірді.

«Тергеу бөлінісінің қызметкері Асылхан Төлегеновтің кәсібилігін атап өткен жөн. Ол барлық мән-жайды мұқият тексеріп, күдіктінің жәбірленушілермен жүргізген жазбаларын тауып, оған ақша аударылғанын анықтады. Осылайша, күдіктінің тоғыз эпизодқа қатысы бары белгілі болды», - дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы Марат Серкешев.

Жиналған материал Көкшетау қаласына жіберілді. ҚР Қылмыстық кодексінің «Алаяқтық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасады.

«Ақшаны айналымға жіберіп жылдам баю» деген жалған уәде. Ол алаяқтықтың кең тараған түрлерінің бірі. Интернетте байланыс жасаған кезде абай болыңыз, тауар мен қызмет үшін алдын ала төлем аудармаңыз, мобильді құрылғыларыңыз бен банк карталарының кодтарын мен құпия сөзді ешкімге айтпаңыз», - дейді Марат Серкешев.

Соңғы жаңалықтар