Бірнеше дертке мойымай, 10 тілді еркін меңгерген түркістандық 68 мың кітап оқыған

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында 10 тілді еркін меңгерген ерекше жігіт тұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түлкібас ауданына қарасты Тастұмсық ауылының тұрғыны Мейірхан Топанбай замандастарының ортасында полиглот атанып кеткен. Ол түрік, парсы, неміс, грек, испан, армян, поляк, тәжік, француз тілдерін жетік біледі. Ал, ағылшын тілін тұрмыстық деңгейде меңгерген. «Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша жоғары білімді полиглот қазір италян тілін үйреніп жүр. Сондай-ақ, шет тілдегі әдебиеттерді қазақшаға аударып, жинақтар құрастырумен айналысады.

«Тіл үйрену – мен үшін жан рахаты. Тіл үйрену арқылы көңілім тынышталады. Анам бұл қасиет нағашыларымнан берілген дейді. Жазушы, қоғам қайраткері, ғалым Мырзакелді Кемел нағашы атам болып келеді. Сол кісі бағыт-бағдар беріп, білгенін үйретті. Әркез ақылын айтып отыратын», - дейді ол.

Мейірхан Мейрамбекұлында І топ мүгедектігі бар. Ол туғаннан сал ауруына шалдыққан. Бір көзі мүлдем көрмейді. Таяқтың көмегімен жүреді. Денсаулығына әрдайым күтім керек. Дегенмен, жігерлі жанның өмірге деген құлшынысы жоғары. Әрдайым ізденіп, өзін жетілдіріп отырады. Ең бастысы, «Мүгедек болсам да, масыл болғым келмейді» деген қағиданы ұстанады.

«Қазір жасым 28-ге толды, яғни 28 жыл бойы осы дертпен күресіп келемін. Басыма не келіп, не кетпеді? Баршасын сынақ ретінде қабылдап, көтеріп келемін. Жалпы, мен үйдің үлкенімін. Менен кейін қарындасым бар. Әкем Мейрамбек трактор айдаған қарапайым еңбек адамы болды. Анам Ұлбосын шет тілі пәнінің мұғалімі еді. Мені босанған соң жұмыс істеуге мүмкіндігі болмады. Емдетіп жүріп, амандығымды тілеп, қатарға қосты. Осындай мықты болуыма нағашы әжем Жұмаш та себепкер болды. «Құқыңды қорғауға керек болады» деп, 5 жасымнан бастап заңдарды жаттатты. «Алла сынақты сүйген құлына ғана береді» деп, жігерлендіріп отырды. Өмірге бейімдеді. Зейнетақысына брайль алфавитін алып беріп, жазуды, оқуды меңгертті. Оқуға деген махаббатым әжемнен дарыған. 1000-ға жуық кітап жиып, маған үлкен азық қалдырды», - дейді ол.

Бала Мейірханға мектеп ұстаздары үйге келіп сабақ берді. Талапты да талантты оқушы әрбір оқытушыны асыға күтетін. Ұстаздарының алдында қиын есептерді де еркін шығарып, оқуға берген тапсырмаларды жаттап алатын зеректігімен көзге түсті. Ал, 11-сыныпты бітірген соң, Мәскеу бизнес академиясының «Шығыс тілдері» факультетіне оқуға түсті. Бәрі де жақсы болатын. Бағалары да кілең бестік еді. Алайда, қашықтықтан білім алып жүрген үлгілі студенттің 3-курста оқуынан қол үзуіне тура келді. Тағы сол, дерті кедергі келтірді. Талма аурының кесірінен жеткіншектің екінші көзі де көрмей қалды. 17 жастағы бала үшін, бұл – өте ауыр сынақ еді.

«Соққының үстіне соққы болды. Сондағы көңіл күйімді айтып жеткізе алмаймын. Астанада, Алматыда, Таразда емделдім. Ота жасаттым. Көбінесе Қарағанды қаласында тұрдым. Сол кезде көзім көрмесе де, театрға көп баратынмын. Себебі, әртістердің дауысы керемет күш беретін. Дауыстың да құдіретті болатынын түсіндім. Алла қолдап, көзім жеті жыл дегенде әрең қалпына келді. Әрбір қиындыққа қарамастан, соңына дейін емдетіп, жарық дүниені көруге себепкер болған ата-анама, әжеме зор алғыс білдіремін. Дәрігерлерім – Мұстафа Аббасов, Зауыр Байрамов, Сәуле Кошкинова, Гүлнара Әбжаппарқызы, Гүлназ Есеева, Зайыр Раиповқа ризашылығым шексіз», - дейді ол.

Мейірхан оқуын Шымкенттегі халықтар достығы университетінде жалғастырды. Мұнда «дефектолог» мамандығын меңгерді. Кейіннен «Орыс тілі және әдебиеті» факультетін тамамдады. Университет басшылығы да ерекше жанға зор қолдау көрсетті. Қоғамдық жұмыстарға араласып, өзін танытуға мүмкіндік берді. Сол кездерде ол түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарды жеңіп алды.

Ал, оқуды бітірген соң, алғашқы еңбек жолын Жаскешу аудандық мәдениет үйінен бастады. Ұйымдастырушының көмекшісі ретінде «Үміт керуені» атты фестиваль мен «Өзіңді сүй» атты мотвациялық кеш өткізді. Ерекше жанның қолға алуымен іске асқан жобалар бүгінгі күнге дейін жылда жалғасын тауып келеді.

«Өзім секілді науқас балаларға көмек көрсетуді мақсат етіп, «Дефектолог» мамандығын меңгердім. Кейін екінші рет оқуға түсіп, «орыс тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі дипломын алдым. Екеуінде де мемлекеттік грантпен білім алдым. Мырзагелді Кемел мен Әбдімұса Қуатбеков есімді жаны жомарт жандар көптеген қолдау көрсетті. Ал, менің мамандық алуыма ұстаздарым Рабиға Қуатбекова мен Жанна Ботабаева үлкен еңбек сіңірді. Баршасына ризашылығым шексіз», - дейді ерекші жан.

Бүгінде Мейірхан Топанбай Тастұмсұқ ауылындағы кітапханада қызмет етеді. Таңертеңмен келіп, кітаптарды түгендеп, оқырмандармен байланыс орнатады. Түрлі мәдени шаралар ұйымдастырады. Кітапханашы жігіттің бұл талпынысын көрген жерлестері де қолдау көрсетіп, жігер беріп жүреді. Мейірханның өзі де кітапты көп оқиды. Бүгінгі күнге дейін 68 мың кітапты оқып тауысыпты.

«Кітапханада 14 000-нан астам кітап бар. Олардың ішінде тек жаңадан келгендерін ғана әлі оқып үлгермедім. Сондай-ақ, бос кезімде тоқыманы ермек етемін. Себебі, ол біздің денсаулығымызға өте пайдалы. Ал, тоқыған сөмке, шұлық секілді заттарымды таныстарыма сыйлап жіберемін», - дейді ол.

Бүгінде Мейірханның «Ақиқаттан аттамайық!» атты алғашқы аудармалар жинағы жарық көрген. Қазір «Жанымның жақұты» атты екінші жинақты баспаға дайындап жатыр. Бұл іске журналист Бейсенкүл Нарымбетова ұйытқы болыпты.

Соңғы кезде полиглот жігіт ертегілер жазуға бет бұрды. «Сардар сүйген сұлулар», «Гүлге ынтық Гүлбахар» атты туындыларын оқыған көпшілік жоғары бағасын берген. Қазіргі таңда түрік жазушысы Гүнай Текиннің «Жүрегімдегі қала» кітабын аударып жатыр.

«Кітапханашылық жұмыс – ең ізгі жұмыс. Руханиятқа қызмет етіп жүргеніңнің өзі – зор бақыт. Бұл жерге келген күннен бастап оқырмандармен барынша дос болуға тырыстым. Ә. Кекілбайұлының «Кітапханашы – шынайы дос пейілмен оқырманын кітап сүюге баулитын маман» деген сөзін іс жүзінде көрсеткім келеді. Мол мүмкіндік берген басшымыз Қамар Кенжебаеваға алғыс айтамын», - дейді ол.

Мейірхан қоғамдық істерден де қол үзбейді. Қазір Түлкібас ауданы әкімінің мүгедектігі бар азаматтар мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі. Бала кезден мүгедектігі бар жандарға мүгедектік тағайындау тәртібі жеңілдетілсе, бір үйде 2-3 мүгедек баласы бар отбасыларға азық-түлік қорабы енгізілсе, сондай-ақ эпилепсия ауруына шалдыққан жандарға арналған оңалту орталықтары ашылса деген ұсыныстарын Парламентке жолдаған.

«Жалпы, мен өзімді бақытты адаммын деп есептеймін. Мен туған жылдары ауылда менікіндей дерті бар 200-ге жуық науқас бала болыпты. Олардың көпшілігі қайтыс болып кетті. Ішінде сынақты көтере алмай, өз-өзіне қол жұмсағандары да болды. Карантин кезінде вирус жұқтырып, жан тапсырғандары да бар. Сондықтан, менің өмір сүріп жүргенімнің өзі – мол бақыт деп есептеймін», - дейді Мейірхан Топанбай.


Соңғы жаңалықтар