«Бірлік» партиясының құрылуы - саяси реформаларға және қоғамды жаңартуға қарай маңызды қадам

None
None
АСТАНА. 26 сәуір. ҚазАқпарат - Қоғамдық ұйымдар - «Әділет» және «Руханият» партиялары біртұтас қозғалысқа бірігу туралы шешім қабылдады.

Бүгін осы ұйымдардың кезектен тыс съездерінде облыстық және қалалық филиалдар делегаттары «иә» деп дауыс берді. Сөйтіп, Қазақстанның саяси картасында жаңа - «Бірлік» партиясы пайда болды. Олардың құрамында «бірлік» ұранын көтерген 140 мың қазақстандық бар, жаңа партия да осы мақсатты діттеп отыр. Заңдық тұрғыдан реттеу әлі алда, дегенмен партияластар қазірдің өзінде өзара мәмілеге келді.

«Бірлік» саяси партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали екі партияның «Бірлік» атауымен жаңа партияға бірігуі туралы шешім бірауыздан қабылданған атап көрсетті.

«Бұл партия екі оң ұстанымды тиімді жүзеге асыратынына сенімдімін. Бір жағынан «Руханият» партиясы қашан да рухани түлеу, жастарды, әсіресе ауылдық жерлердегі жастарды қолдау мәселесін көтеріп келген болса, екінші жағынан, - біз «Әділет» партиясы арқылы қуатты заңдық қолдауға ие болдық. Сөйтіп, біз өз идеяларымызды алға жылжыта береміз, әрине, Қазақстан Парламентінің Мәжілісі сайлауына да қатысатын боламыз, заңдық қолдау бізге қажет-ақ», - деп атап көрсетті С.Сұлтанғали.

Екі ай әзірлік жұмыстары жүргізілді. Партиялар ұйымдық мәселелерді және заңдық түйткілдерді шешумен айналысты. Енді бүгін Астанада осы қоғамдық бірлестіктердің кезектен тыс съездері өтті. Елдің барлық түпкірінен келіп, бас қосқан делегаттар түпкілікті шешімді бірауыздан қабылдады.

Бұған «Әділет» партиясы бастамашы болды. Оның себебі - өз ұстанымдарын күшейту қажеттігі. Ал бұл саяси партиялардың мақсаттары мен міндеттері де ұқсас әрі жақын екені айқын. Бұл жерде әңгіме жаңа партия құру жөнінде болып отыр. Ол өзінің ізашарларының бағытын жалғастыруы тиіс. Маңызды бағыт - «Қазақстан-2050» Стратегиясын орындау, - бұл қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін көтеру және әлемдік көшбасшылардың 30-дығына кіру міндеттеріне атсалысу деген сөз.

«Екі айға жуық бізде жұмыс тобы жұмыс істеді. Біздің партиядан да, «Руханият» партиясынан да. Ақырында екі саяси партияның күш-жігерін біріктіріп, жаңа күшпен, жаңа атаумен саяси алаңға шығуға тоқтамға келдік», - деп атап өтті «Бірлік» саяси партиясы төрағасының орынбасары Төлеген Сыдықов.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында алға қойған жұмыстың жаңа бағыттары барлығымыздың алдымызға елеулі міндеттер жүктеп отыр, біздің өмір сапамыздың жақсаруы оның орындалуына тікелей байланысты, деп санайды партия мүшелері. Бүгін олар саяси реформаларға және қоғамды жаңартуға қарай маңызды қадам жасады. Өйткені бірге болу - күштірек болу дегенді білдіреді.

Соңғы жаңалықтар