Бірлігімізді бекемдей білсек, елдігімізді сақтап қаламыз - Президент

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бірлігімізді бекемдей білсек, елдігімізді сақтап қаламыз. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықтық коалиция форумында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Достық пейіл, мейірімділік және жанашырлық – ең асыл қасиеттер. Қазақта «Сыйлассаң – сыйлы боларсың» деген сөз бар. Ағайынның татулығы мен жанашырлығы – ел бірлігінің түп қазығы. Елдің тұтастығы қарапайым адамдардың өзара түсіністігінен басталады. Халқымыз бәрін де ақыл-парасатпен шешкен», - деді Мемлекет басшысы президенттікке Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдау жөніндегі халықтық коалицияның форумында.

Президент бұл дәстүрді ұмытпауымыз керектігін баса айтты.

«Аға буын осы игі дәстүрді насихаттауы қажет. Жалпы, ортақ жетістіктер ұлттың мерейін өсіреді. Біз бір-бірімізге қашанда тілектес болуымыз қажет. Талапты, дарынды азаматтарды қолдай білуіміз керек. Әр отандасымыздың табысына қуанып, қиындықтарды бірге еңсеруге тиіспіз. Халқымыз «Ұйымдасқан ұтады» деп бекер айтпаған. Бірлігімізді бекемдей білсек, елдігімізді сақтап қаламыз. Сонда ғана Әділетті Қазақстанды құрамыз. Демократия, заң үстемдігі және теңдік қағидаттары сақталатын мықты мемлекет боламыз. Бұл біздің қолымыздан келеді. Себебі, айқын мақсатымыз, нақты бағдарымыз бар. Жасампаз және отаншыл халқымыз бар. Тәуелсіз елдің ойы еркін, рухы азат ұрпағы өсіп келеді. Біз түбегейлі өзгерістің бәрін өскелең ұрпақтың болашағы үшін жасап жатырмыз. Баршаңызды елімізді бірге көркейтуге шақырамын! Өйткені, біздің Отанымыз – бір, мемлекетіміз – бір, халқымыз – бір», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар