Бірқатар шет мемлекеттердің жас ғалымдары елордада бас қосты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада «Ұлы Дала жастары: тарихи миссия және болашағы біртұтас Ұлт қалыптастыру» атты жас ғалымдардың халықаралық ғылыми конференциясы ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы, мағынасына, тақырыбына байланысты маңызды конференция халықаралық деңгейде ұйымдастырылғаны үшін алғыс айтқым келеді. Барлықтарыңыз білесіздер, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылды Жастар жылы деп жариялаған болатын. Сондықтан осы жыл Қазақстан жастары үшін өте серпінді әрі мағыналы және нәтижелі болуына тек Үкімет немесе Парламент қана емес, сонымен бірге жалпы қоғам, жастардың да белсенді атсалысуы маңызды. Осы орайда еліміздің ары қарай дамуына бұл бағыттағы қадамдар биыл тың серпін береді деген ойдамыз», - деді Парламент Мәжілісінің депутаты Бақтияр Мәкен.

Депутаттың сөзінше, жас ғалымдардың тиісті жабдықтарды және басқа да қажеттіліктерді сатып алуға қаржының жетіспейтіні туралы шағымдар айтылған еді. Бүгінде жастар ғылымына жоғары екпін қойылуы керек. Сондықтан жас ғалымдардың ғылыми қызметін қаржыландыру мәселесі Жастар жылының ашылуына негізгі себептердің бірі болды.

«Жастар жылының ашылуында Елбасы бөлінген қаржының тиянақты игерілуін тапсырған болатын. Соның ішіндегі бастысы - ол жастардың ғылымға бетбұрысы. Осы орайда жас ұрпақтың ғылымға ізденісін ынталандыру міндеті тұр. Бұл тұрғыда жас ғалым жобасы аясында 3 млрд теңге бөлінеді. Жалпы, бүгінде ғылыммен айналысатын жастардың ізденісі бар және осы бағытта сапаға назар аударған жөн», - деді депутат.

Айта кетейік, конференцияда Қазақстанда жастар саясатын жүзеге асыру шараларымен байланысты ауқымды тақырыптар талқыланбақ. Сонымен қатар отандық тарих ғылымының өзекті мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Осы орайда Қазақстан мен шетелдік ғалымдардың қоғамдық сананы жаңғыртудағы тарих ғылымының рөлімен миссиясы, зияткерлік ұлт қалыптастыру мәселесіне қатысты толымды пікір алмасу өтеді.

Халықаралық конференцияны ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасының Қоры ҚР БҒМ Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтымен бірлесіп өткізуде. Шараға көршілес және алыс шетелден ғалымдар да келді. Олар өз елдерінде жастардың ғылыммен айналысуын ынталандыру бағытында тәжірибелерімен бөлісіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар