Бірқатар өзендерде қар көлемі нормадан жоғары тұр - Қанат Бозымбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Батыс Қазақстан облыстарының өзендері бассейндерінде қар көлемі 10-нан 110 пайызға дейін нормадан жоғары болып отыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы жылдың ақпан айындағы мәлімет бойынша, су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары консультативтік гидрологиялық болжам негізінде жүргізіледі. «Қазгидромет» 2019 жылғы 3 ақпанда гидрологиялық болжам деректерін барлық мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге жіберді. 2019 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша қар көлемінің мөлшері туралы ақпарат ұсынамын. Бұл ақпарат гидрометеорологиялық бақылау деректері, Жерді қашықтықтан зондтау суреттері және Қазгидромет филиалдары мен облыстық төтенше жағдайлар департаменттерінің бірлесіп қарауы негізінде жасалған», - деді ол.

Министрдің дерегінше, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Батыс Қазақстан облыстарының өзендері бассейндері бойынша қар көлемі 10-нан 110 пайызға дейін нормадан жоғары болып отыр. Қарағанды облысы Шерубайнұра өзенінің бассейнінде, Ақмола облысы Шағалалы және Сілеті өзендерінің бассейндерінде, Ақтөбе облысы Елек өзенінің бассейнінде, Солтүстік Қазақстан облысы өзендерінің бассейндерінде қар көлемі норма шегінде.

«Қар қоры Кеңгір, Тоқырау, Сарысу) өзендері бассейндерінде нормадан 10-20 пайызға, Жабай және Қалқұтан өзендерінде 35 пайызға, Торғай өзенінде нормадан 30 пайызға төмен. Сондай-ақ Ақтөбе облысының Қарғалы, Қосістек, Ор, Темір, Ойыл, Ырғыз өзендерінің бассейндерінде 30-60 пайызға, Атырау облысы Сағыз және Ембі өзендерінің бассейндерінде 35-40 пайызға нормадан аз», - деді министр.

Қ.Бозымбаевтың айтуынша, жазық өзендерде топырақтың күзде ылғалдануы су көлемінің артуына себеп болады. Бұл Қарағанды облысындағы Нұра және Шерубайнұра өзендерінің бассейндерінде нормадан 100 пайызға жоғары, Ақмола облысының Есіл, Сілеті, Шағалалы, Жабай және Қалқұтан өзендерінің бассейндерінде 68 пайызға жоғары.

«Ал Қостанай, Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары өзендерінің бассейндерінде нормадан 40-50 пайызға төмен», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар