Бірқатар өңірде автожолдар жабылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауа райының қолайсыздығына байланысты бірқатар өңірдің автожолдарында көлік қозғалысына тыйым салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атап айтқанда, 5 желтоқсан күні сағат 19:00 бастап жауын-шашын және көктайғаққа байланысты республикалық маңызы бар А-1 «Нұр-Сұлтан-Петропавл» автомобиль жолының 304-341 шақырым (Көкшетау қаласынан СҚО шекарасына дейін) аралығы және 341-473 шақырым (Ақмола облысы шекарасынан Петропавл қаласына дейін) аралығы көліктің барлық түрінің қозғалысына уақытша жабылды.

Сонымен қатар, 5 желтоқсан, сағат 12:40-тан бастап Қарағанды облысы аумағында да көктайғаққа байланысты «Алматы-Екатеринбург» тасжолының 1003-641 шақырым (Қарағанды-Балқаш қалалары аралығы) аралығында, «Қызылорда-Павлодар» автожолының 906-424 шақырым (Топар кентінен Жезқазған қаласына дейін) аралығында жүк және қоғамдық көліктердің қозғалысына тыйым салынды.

Ақтөбе облысында 5 желтоқсан күні сағат 20.00-ден бастап қар мен бұрқасын салдарынан «Самара-Шымкент» республикалық маңызы бар тасжолының 843-шақырымынан (Дөң ауылы) 965-шақырымына дейінгі (Қарабұтақ ауылы) аралығында қозғалыс тоқтатылды.

Еске салайық, Қазгидромет ауа райының бұзылуына орай бірқатар өңірде ескерту жариялаған болатын.

Соңғы жаңалықтар