Бірқатар өңірде әкімдік жетім балалардың жәрдемақысын бермей, баспанасына көз тіккен

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оқу-ағарту министрлігінің бала құқығын қорғау комитеті жүргізген профилактикалық бақылаудың нәтижесінде 300-ге жуық жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған баланың құқығы қалпына келді. Олар жалпы сомасы 2,5 млн теңгеден астам жәрдемақы алмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бала құқығын қорғау комитетінің тексерісінен кейін кәмелетке толмағандарға төленбеген жәрдемақы қайтарылды.

«Бұл мәселе әкімдіктердің құзырына жатады. Бірақ біздің комитет жағдайды бақылауда ұстап отыр. Тәртіп пен заңдылықты қалпына келтіру – біздің басты міндетіміз. 1 сәуірден бастап жәрдемақы мен басқа да әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін АЕК 3 063 теңгеден 3 180 теңгеге дейін өскенімен, жәрдемақы ескі АЕК бойынша төленіп келген. Жәрдемақы мөлшерінің айырмашылығы қамқоршылардың шотына жіберілді. Осылайша жетім балалардың құқығы қорғалды»,– дейді бала құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Тексеру кезінде басқа да кемшіліктер анықталды.

Мысалы, жетім балаларды баспана кезегіне қою мерзімі сақталмаған.

Қамқоршылардың, патронат тәрбиешілердің есеп беруіне және жетім балалардың жылжымайтын мүлігінің сақталуын қамтамасыз етуге тиісті бақылау жүргізілмеген.

Анықталған заңбұзушылықтар бойынша комитет сәйкессіздікті жою жөнінде нұсқама берді.

Бірқатар басшы мен маман 30 АЕК көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапқа тартылды.


Соңғы жаңалықтар