Бірқатар облыстардағы жол салуға жаңа «Сларри Сил» түрі қолданылады - Көлік министрлігі

None
None
АСТАНА. 20 маусым. ҚазАқпарат - ҚР Көлік және коммуникация министрлігі еліміздің бірқатар облыстарындағы жол құрылысына жол жабындысының жаңа «Сларри Сил» түрін пилоттық тәртіпте қолдануды жоспарлап отыр.

Жаңа технология биыл Алматы, Ақтөбе және Атырау облыстарында қолданылады деп жоспарлануда. Жалпы сынақтық тәртіпте қолданылатын жаңа жабындының жалпы ұзындығы 38,4 шақырымды құрайды. Бұл туралы Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Министрлік «Сларри сил» технологиясын жол жабындысының қорғаныс қабаты құрылғысына баламалы әдіс ретінде сынамалық негізде қолданбақ. Қорғаныстың бұл түрі эмульсиялық-минералдық қоспа іспетті, ол жол жабындысының ұзақ сақталу қасиетін арттырады.

Бұдан басқа, «Сларри Сил» қабаты жол құрылысын табиғат факторларының теріс әсерінен сақтай отырып, оның қолданыс сапасын арттырады. Қабаттың қалыңдығы 5 мм-ден 15 мм-ге дейін. Бұған қоса жабындының бұл түрін өте қысқа мерзімде төсеуге болады және төсеу барысында қоршаған ортаға тигізер экологиялық әсері төмен. «Сларри Сил» балама төсемелері Түркия, Ресей және Германия елдерінде қолданылып келеді.

Тоқтала кететін жайт, Қазақстанда бүгінгі күні жол жабындысын тозудан сақтау үшін негізінен қиыршық мастикалық негіздеме әдісі қолданылады. Алдымен битум төселеді, одан соң 5-20 мм деңгейінде қиыршық тас төселеді. Бұл әдістің ең негізгі жетіспеушілігі жұмыс барысындағы шуыл деңгейінің жоғарылығы, қиыршық тастың көлік дөңгелегінен сыртқа лақтырылуы және пайдалану мерзімінің қысқалығы. Бұдан басқа, автомобиль көліктерін жыл сайын тексеру нәтижесі көрсеткендей, соңғы уақытта ауыр жүк көліктерінің саны мен көліктердің жүру жылдамдығы артқан сайын жол жабындысының мерзімінен бұрын тозуы жиі көрініс беруде.

Соңғы жаңалықтар